БҚО-да қаржы пирамидаларын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты

БҚО-да 400-ден астам адам «Лидер», «Алтын Тұмар» және «Великое Будущее» қаржы пирамидаларына алданған.

Қаржылық мониторингі агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері қаржы пирамидасының екі ұйымдастырушысының қызметін тоқтатты.

ҚР ҚМА баспасөз қызметінің хабарлауынша, Орал қаласының екі тұрғыны «Лидер», «Алтын Тұмар» және «Великое Будущее» қаржы пирамидаларын ұйымдастырып, оларға азаматтардың қаражатын тартқан.

«Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар WhatsApp-та чат құрып, 7 күн ішінде салынған қаражаттың 100%-тен асатын сыйақы алу үшін ақша салуды ұсынған.

Ақша қолма-қол немесе картаға да қабылданған.

Тергеу барысында бір салымшыға пайда басқа салымшылардың жарналары есебінен берілгені анықталды. Ұйымдастырушылар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған жоқ», – делінген мәлімдемеде.

«Лидер», «Алтын Тұмар» және «Великое Будущее» қаржы пирамидаларына жалпы сомасы 63 миллион теңгеден астам 435 салымшының қаражаты тартылды.

Ұйымдастырушылар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.