Экологиялық ережені бұзатындар қылмыстық жауапқа тартылады

Елімізде ұлттық парк аумақтарында экологиялық ережені бұзатындарға қолданылатын жаза күшейтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экология министрлігі осы орайда заң жобасын әзірледі. Заң жобасында ерекше қорғалатын аумақтарда режимді бұзу және ұлттық парктерде туристік-рекреациялық қызметті іске асыру нормаларын бұзғаны үшін заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бүгінде ондай талап қойылмаған. Оған қоса, қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға қатысты әкімшілік жауапкершілік те күшейтілмек. Жалпы биылғы жылдың 9 айында ерекше қорғалатын ұлттық парктерде 1800-ден астам тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде санитарлық талаптарды бұзудың 118 дерегі анықталды.

Еске сала кетейік, елімізде 10 мемлекеттік табиғи қорық, 13 ұлттық парк, 6 мемлекеттік табиғи резерват бар. Бүгінде ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытудың концепциялары жасалған. 

Данияр Тұрғанбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

– Іле Алатау ұлттық паркінде жұмыс 40-45 процентке іске асырылды. Ал Көлсай көлдері, Шарын ұлттық паркінде ондай жұмыстар биыл басталды. Оны процентпен есептеген жоқпыз, бірақ қазіргі уақытта саяхатшылар абаттандыру жұмысын көріп жатыр. Басқа да ұлттық парктер бойынша концепция әзірленуде.