Мектептердегі қауіпсіздік тексеріледі

Қазақстандық мектептер қауіпсіздік тексерісінен өтеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай тапсырма берді.

Ол елордалық №58 мектеп-гимназиясына антиваксерлердің енуіне байланысты болған оқиғадан кейін осындай шешім қабылдады.

Еске сала кетейік, бұған дейін желіде «балаларға ата-анасының келісімінсіз екпе салынды» деген видео тараған болатын. Елордалық білім басқармасының баспасөз қызметі балаларды вакциналау туралы ақпаратты жоққа шығарды. Кейін антиваксер Айна Бакеева жалған ақпарат үшін 10 күнге қамауға алынды. Министр жағдай туралы да түсінік берді.

Айтуынша, мектепте ішкі тәртіп ережелері бұзылған. Ол білім беру мекемесі дер кезінде жауап бермегенін және алгоритм бойынша шаралар қабылдамағанын атап өтті. Орын алған жағдай мектептердегі қауіпсіздік мәселесі толық шешілмегенін көрсетеді. Сондықтан қарашаның екінші жартысында бүкіл ел бойынша қосымша тексеру жүргізіледі.