Алматының орталығындағы бірнеше дәмхана жұмысына тұрғындар наразылық білдірді

Айтуларынша, бірінші қабатта орналасқан кафелер санитарлық талаптарды өрескел бұзып отыр. Асханадан шығатын сан алуан иістен жүрек айнып, бас айналады дейді.

«Оны кафе иелеріне де, жергілікті әкімдікке де айтқанымызбен нәтиже жоқ» деген жұрт арнамызға хабарласты.

Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы бұл үйдің бірінші қабатында коммерциялық нысандар орналасқан. Орталық болған соң бұл маңда кісі қарасы көп. Фастфуд өнімдерін дайындып, сатуға өте қолайлы орын. Бірақ асханадан тарайтын түрлі иістен жоғарғы қабатта тұратындар әбден жалыққан.

«Жағымсыз иіс жаз айларында төңіректі алып кетеді. Өйткені кафе иелері санитарлық талаптарды сақтамай отыр», - дейді тұрғындар.

Айжан Ахметжанова, қала тұрғыны:

- Бірнеше жиналыс жасадық. Хат жаздық барлық инстанцияларға. Акиматқа, санэпидстанцияға жаздық. Енді қазір санэпидстанция мораторий деп, тексере алмаймыз деп осындай жауап береді.

Санитарлық талапқа сай дәмханадан шығатын ауа арнайы орнатылған ауа сорғыш арқылы сыртқа кетуі керек. Бірақ екі кафеде де ол қойылмаған. Терезеден шығарылған бір ғана ауа сорғыш аздық еткен соң қалған үшеуін қабырғадан тесіп шығарған. Бұл да талапқа сай емес дейді тұрғындар. Ал кафе иелері болса сұхбат беруден бас тартты. Жағдайды Алмалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен кәсіпкерлік палатасының өкілдері түсіндірді.

Темірлан Мәдиев, қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі:

- Кәсіппен шұғылдануды бастаған тұлға ең алдымен рұқсат құжаттарын рәсімдеуі керек-ті. Бұл жағдайда кәсіпкер сол үйдің тұрғындарының келісімін алғаннан кейін ғана нысанды тұрғын үй қорынан шығарып алуы қажет еді.

Руслан Айтанов, Алмалы аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Кафенің иесі вентиляциялық ауа сорғышты орнатуға кіріскен еді. Бірақ ол үшін барлық тұрғын келісімін беруі керек. Әзірге келісім болмай отыр. Сондықтан вентиляциялық құрылғыны орнату жұмысын тоқтату керектігін ескерттік. 

Бұл үйде 34 пәтер бар. Жақында тұрғындар пәтер иелері коперативінен шығып, өздері мүлік иелері бірлестігін құрған. Тұрғындар дәмханалардың жұмысына қарсы емеспіз, бірақ санитарлық талапты сақтасын дейді. Дегенмен, асханадан шығатын ауа сорғыштың орнатылуына бірі келісімін берсе, қалғаны қарсы болып отыр. Сондықтан кәсіпкер тұрғындармен жиналыс ұйымдастырып, өзара мәмілеге келуі қажет.

Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев