Петропавлда жылу орталығындағы апаттан СҚО-ның жартысы жарықсыз қалды

Петропавлда жылу электр орталығында 3 қазандық істен шығып, жарты облыс жарықсыз қалды. Ірі апаттан облыс орталығы мен 7 ауданның тұрғындары қуат көзінен ажыратылған.

Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлағандай, жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Айтуынша, қондырғылар кешкі онға дейін қалпына келтіріледі. Осыған байланысты әлеуметтік нысандар, мемлекеттік мекемелер мен өндіріс ошақтары жұмыс уақытын шектеуге мәжбүр болды.

Евгений Зубков, мамандандырылған ХҚКО бөлімінің жетекшісі:

- Жарық 10 жарымдарда сөнді. Апаттық қызмет мамандар «қуат көзі қаланың бірнеше ауданында жоқ» деді. Дегенмен, жұмыс тоқтаған жоқ. Келушілер өтінішін онлайн түрде бере алады. Бірақ құжаттар кейін дайын болады.