Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы жалғыз жол жөндеусіз жатыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданында 4 ауылға апаратын жалғыз жол жөнделмей жатыр. Соның салдарынан Ақкөл, Ғизат Әліпов, Жыланды, Қиғаш елді мекендерінің тұрғындары жол азабын күнде тартады. Халық жергілікті биліктің жылдағы уәдесіне сенуден қалған.

600-ге жуық тұрғыны бар Ғизат Әліпов ауылы аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан. Төрт ауылдың арасындағы жалғыз жол ұзақ жылдан бері жөндеу көрмеген. Жаңбыр жауса қатынау тіпті қиындайды.

Көбейсін Өтесов, Ғизат Әліпов ауылының тұрғыны:

- 95-тен бері салынады деген жол. Әлі салынған жоқ. Жаңбыр күндері өте қиын. Қатынас тоқтайды. Жүре алмаймыз. Балшық болады.

Былтырғы жобаға сай 43 шақырымға асфальт төселуі керек еді. Бірақ 4 млрд 200 млн-ға бағаланған жұмыс басталмай жатып тоқтап қалды. Оған жобадағы кемшіліктер себеп болған көрінеді. Әзірге 400 млн теңге жолды тегістеуге ғана жұмсалыпты.

Шынболат Мусин, Құрманғазы аудандық ТҮКШ жолауышылар көлігі автомобиль бөлімі басшысының м.а.:

- Жобада кейбір кеткен кемшіліктер бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Сол шешілгеннен кейін қайта жанданатын болады. Сметада қаралмай қалған мәселелер болды. Бұл жобаны жасаған облыстық жолаушылар басқармасы. Соларға хат жолдадық.

Ғизат Әліпов ауылының тұрғындары ұялы байналыстың нашарлығынан да қиындық көріп отыр. Балалар қашықтан оқу кезінде әбден қиналған.  

Анар Гайсина, Дыңқызыл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

- Ауылда толғандыратын мәселе - интернет желісінің нашарлығы. Ауыл тұрғындарымен, аудан басшыларымен болып жүрген жиналыстың бәрінде айтылып жүрген, көтеріліп жүрген мәселе. Осы мәселе жөнінде Кселл орталықтары, байналыс басшыларының бәріне шықтық.

Жергілікті билік «жол мәселесін алдағы 2 жылда шешеміз» деп отыр. Бірақ құр уәдеге тойған тұрғындардың оған сенгісі жоқ. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин