430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысында асыл тұқымды «Әулиекөл» сиыры көбейіп келеді

  • 123
  • UPD: 21:34, 02.11.2021

Бұл етті тұқымның пайда болғанына биыл 30 жыл болды. Қазір жан-жақтан сұраныс та өсіпті. «Әулиекөл» тұқымын алу үшін шаруалар бір жыл бұрын кезекке тұрады екен.

30 жыл бұрын «Әулиекөл» тұқымы пайда болғанда мал саны 12 мыңнан асатын. Кейін тоқырау кезеңінде бұл көрсеткіш 10 есеге құлдырап кетті. Қазір түліктің саны 2700-ге көбейді. Аталған етті ірі қара қазақтың ақ бас сиырын ағылшынның Абердин-Ангус және француздардың Шароле тұқымдарымен будандастыру нәтижесінде алынған.

Базарбай Жаңбыршинов, асыл тұқымды мал зауытының директоры:

- Ғалымдармен тығыз жұмыс жасаймыз. Селекциялық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз өсіру. Әлде де санын көбейту.

Бұқалар 1 тонна, ал аналық бас 500-550 келіге дейін тірі салмақ береді. Өнімділігі өте жоғары. Төлдеуі жеңіл мал көп шығынға ұшырамай тез көбейеді.

Құдайберген Жансейітов, мал дәрігері:

- Бұған қыстыгүні шөбін, пішендемесін, дробленкасын дайындап, астына сабан төсеп қоямыз. Базаға ешқандай мал қамалмайды. Өздері шығып кіріп жүре береді базаның ішінде. Сыртта шөп шашылады. Жем беріледі.

Әулиекөл ауданында аттас асыл тұқым малымен, Ауданмен аттас асыл тұқымды маламен сегіз шаруашылық табысты айналысады. Оларда 9 мыңдай бұқа мен сиыр бар. Қалған бір бөлігі саудаға жіберіледі.

Галина Зайцева, Әулиекөл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Асыл тұқымды мал саудасы жылма-жыл ұлғайып келеді. Шамамен мың жарымдай бас сатылады. Басқа облыстардан келіп алатындар бар. Соңғы жылдары оңтүстік жақтан сұраныс жоғарылады.

Ең көп асыл тұқымды мал Москалев ауылында өсіріледі. Бағасы алтынға парапар болатын Зеңгі баба тұқымын сатып алу үшін фермерлер бір жыл бұрын кезекке тұрады екен. 

Базарбай Жаңбыршинов, асыл тұқымды мал зауытының директоры:

- Қазақстанның өңір-өңірлерінен келіп алып жатыр. Сұраныс бар. Жақсы болғасын алып жатыр деп ойлаймын. Енді апарған жерлерінде дұрыс өспесе, өнім бермесе оны алмас еді. Сондықтан біздің солтүстіктің суығына, оңтүстіктің ыстығына төзімді.

Асыл тұқымды мал зауытының қазіргі міндеті - ұзақ жылдар бойы қол жеткізген тұқымның сапасын жоғалтпай, санын екі есе арттыру.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы