Жарықсыз қалған СҚО-дағы үш ауданға жылу беріле бастады

Петропавлда жылу электр орталығында апат болып, 50 мыңға жуық адам жарықсыз қалды. Кәсіпорында қазандықтар істен шығып, облыс орталығының жартысы мен 7 аудан қуат көзінен ажыратылды. Қондырғылар қашан қалпына келтіріледі?

Жарықсыз қалған ықшам аудандардың бірі «Солнечный - 2». Қала шетіндегі елді мекенде 200-ден астам үй бар. Тұрғындар кешеден бері майшаммен отыр.

Алмабике Мұқантаева, қала тұрғыны:

- Бір жұманың ішінде бізде екі рет сөнді свет. Бірінші ретте 3-4 сағат болмаса осы бүгінгі сөнгенде бір сөткеден артық болмады свет. Бізге проблема болып тұрғаны – пештеріміздің күллісі насоспен ғана істейді. Ал насос светтен ғана істейді.

Жергілікті жұрт осыдан қорқады. Сорғымен ғана жанатын пеш жарық болмаса қайнап, құбырдағы су ысымайды. Сондықтан үйлер суып кеткен.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Жарық сөнсе, пеш жанбайды. Сондықтан кейбір тұрғындар осындай генераторлар сатып алған.

Жарық қала бойынша жоқ. Ірі апаттан әлеуметтік нысандар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жұмыс уақытын шектеуге мәжбүр болды.

Евгений Зубков, мамандандырылған ХҚКО бөлімінің жетекшісі:

- Жарық 10 жарымдарда сөнді. Апаттық қызмет мамандар «қуат көзі қаланың бірнеше ауданында жоқ» деді. Дегенмен, жұмыс тоқтаған жоқ. Келушілер құжаттарын онлайн түрде рәсімдей алады. Бірақ олар кейін дайын болады.

Апат жылу электр орталығында жексенбі күні болған. Кәсіпорында бірден бірнеше қазандық сыр берді. Жөндеу жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр.

Бахыт Ілиясов, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Қазір 4 қазандық жөнделіп жатыр. Біреуі іске қосылды. Қалғаны кешкі 10-ға дейін аяқталып, жарық беріле бастайды.

Апаттан 145 елді мекен жарықсыз қалды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары хабарлағандай, қуат көзі Жамбыл, Аққайың және Тимирязев аудандарына беріле бастады. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев