Елімізде күн күрт суыды, ал бұған коммуналдық компаниялар дайын ба?

Қарашада ел аумағында ауа температурасы төмендеп, күн райы күрт суытады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай елордалық атқарушы органдар қысқа қарқынды дайындалып жатыр. Жақын арада барлық жылы аялдама іске қосылады. Жол тазалайтын коммуналдық компанияларға да артылатын жүк ауыр. Кеше елордада күн райы күрт бұзылып, термометр көрсеткіші нөлден төмен түсті.

Синоптиктердің хабарлауынша, бұл Карск теңізінен келген антициклонның салдары.

Айгүл Алдабергенова «Қазгидромет» РМК бас инженері:

– 3-4 қарашада оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарда қатты жауын-шашын күтілуде. Солтүстік батыс аймақтарда түнгі уақытта 5-15 градусқа төмендейді. Солтүстікте 10-20 градус суық күтілуде. Оңтүстігінде 3-13 градус болады.

Ал жаяу жүргіншілер күн райының құбылмалылығына әбден үйреніп қалған сынды.

– Ауа райы күрт суып кетті. Кеше ғана жып жылы болды. Аяқ астынан қар түсті. Астананың погодасы осы ғой. Үйреніп қалдық.

– Қар түскенінен қорыққан жоқпын. Өйткені астанамызда ауа райы осындай ерекше. Сондықтан жылы киініңдер деп айтамын.

Күн суытқандықтан, елордада жылы аялдамалар іске қосыла бастады. Мәселен, қазір Байқоңыр ауданында барлығы 189 автобус аялдамасы болса, оның тек 20-сы ғана жылу жүйесіне қосылған. Бұл аудан тұрғындарын толық қамтуға жеткіліксіз.

Дархан Сейітханов, Байқоңыр ауданы әкімдігінің инфрақұрылым бөлімінің басшысы:

– Ауданда 20 аялдама бар. Оның 9-ы аппараттың құзіретінде болса, 11-і инвесторлармен қойылған. Барлығында жылу жүйелері бар. Тек қана 2 аялдама бойынша 10 күн ішінде жылу қосамыз. Жылдың соңына дейін тағы да жол басқармасымен бірге 7 аялдама қосамыз.

Ал көлік жүргізушілері болса мұндай көктайғаққа дайын болмаған сынды. Бір тәулікте қалада көлік апаты аз болған жоқ. Сол себепті кеше тек Байқоңыр ауданында 113 техника мен 365 маман көшеге қар тазалауға шықты.

Авторлары: Дариға Ташенова, Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ...