Семейлік сарбаздың медалі анасына табысталды

Семейде 27 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Раджан Батырханов марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«ТМД шекарасын нығайтқаны үшін» медалі марқұмның анасына табыс етілді.

Айта кетейік, Раджан Батырханов 1994 жылы борышын өтеу барысында қайтыс болған еді. Жас сарбаз қиян-кескі ұрыста қарулы топты тоқтатып, әскердің тылдан шабуылдауына мүмкіндік жасаған. Әрі жаралы офицерді құтқарған. Соның нәтижесінде қарулы қақтығыста шекарашылар жеңіске жетті. Іс-шарада батырдың ерлігі мен өмірі жайлы естеліктер айтылды. Қизат Батырханова ұлының шекара офицері болуды армандағанын атап өтті. Сол үшін әскери әдебиеттерді оқып, спортпен шұғылданғанын жеткізді. Өмірі қыршыннан қиылған жастың есімі Қатон Қарағайдағы мектеп пен көшеге берілген. Сонымен қатар оның атымен Күршім әскери отряды аталады.

Қизат Батырханова, Р.Батырхановтың анасы:

– Келешектегі балаларға кішкене үлгі болып, жастардың Раджанға ұқсағысы келетіндері қуантады. Кейінгіге жаман аты қалған жоқ. Өз өмірін құса да, жолдастарын жау қолына тастап кетпеді.