Қарағандыда 249 тұрғын үй кезегінен шығып қалған

Олардың басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылғандар санатынан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар тізімде жоқ екендіктерін ипотека рәсімдеуге барғанда банктен бір-ақ біліпті. Тиісті мамандардың шала жұмысынан пәтер аламын деушілердің есімдері еgov электрондық үкімет жүйесіне тіркелмеген болып шыққан. Отбасылардың көбі 10 жылдан астам баспана күтумен келеді. Ал қала басшылығы алаңдауға негіз жоқ деп, арқаны кеңге салуда.

Айтуларынша, қазір жүйедегі деректер түгенделіп жатқан көрінеді. Аяқталған кезде онлайн кезек қалыпқа келмек. Алайда оның мерзімі қашан екенін өздері де дөп басып айта алмай отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу үшін құжат жылына бір-ақ рет қабылданатынын ескерсек, тұрғындарға қоныс тойды тағы бір жылға шегеруге тура келеді.

Гүлім Кеңесбай, қала тұрғыны:

– Қарағанды қаласының әкімдігінде баспанаға кезекте тұрмын, бірақ еgov-та мен жоқпын. Мен үкіметтен, басшылардан ешқандай тегін үй сұрап отырған жоқпын. Өзім төлей алатындай үйді ғана сұрап отырмын. Төлеуге мүмкіндігім бар. Бастапқы жарнамен де көмектесетін адамдар бар. Сондықтан тек мені еgov-қа тіркеп қойса.

Әділ Әубәкіров, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бұл адамдардың барлығы үй кезегінде бар. Тұрғын үй қатынастары бөлімі қажет болған жағдайда анықтама бере алады. Өкініштісі 2020 жылы біріңғай жүйе пайда болған кезде кейбір азаматтар техникалық ақауға байланысты тізімге енбей қалған. Қазір біз соларды жинақтап, жоба ұйымдастырушыларына жібердік. Жүйені инвентарлау аяқталған соң электрондық үкіметке енгіземіз. Ең бастысы әр азамат өтініш берген кезде үй кезегіне нешінші болып тіркелді, сол орнында қалады.