Алматы әкіміне COVID-19 бен маусымдық тұмауға қарсы вакциналауды ұлғайту тапсырылды

Бүгін Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Кеңеске Алматы қаласында орналасқан қалалық және республикалық медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. Негізгі мәселелер COVID-19-бен күреске және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты болды. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов ағымдағы эпидемиологиялық ахуал мен жұмыстың басым бағыттары туралы түсінік берді.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қазіргі кезде жұмыстың басты бағыты коронавирус инфекциясынының таралуын тежеу жөніндегі іс-шаралар болып қалатынын баяндады.

Бүгінгі таңда қалада КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, қала «сары аймақта». Дерттің төмендеуі ұжымдық иммунитеттің 55%-ы деңгейінде қалыптасуына, халықты вакцинациямен қамтудың өсуіне (бірінші компонентпен 996 486 адам егілді, 2 компонентпен – 930 мыңнан астам) байланысты. Қазір қала әкімдігі вакциналау қарқынын одан әрі арттыру үшін жұмыс істеуде.

Бүгінде медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және қаланың СОО-да 137 егу пункті жұмыс істейді. Бұдан басқа, вакциналу пункттерінде вакцинаның тиімділігіне әсер ететін суық тізбек режимінің сақталуы қатаң бақыланады. Сонымен қатар, Pfizer вакцинасын қабылдауға дайындық жүргізілуде: мұздатқыш камераларды орнатуға арналған орындар әзір, логистика, вакцинаны сақтау алгоритмдері пысықталды, әр кезеңнің жауапты тұлғалары анықталды, медициналық персоналды оқыту жүргізілуде.

Қалада инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша шектеу шараларын сақтауды бақылау күшейтілген әрі жалғасуда. Алматыда 40 мониторингтік топ жұмыс істейді, жыл басынан бері 44 мыңнан астам нысан тексерілді, карантиндік шараларды бұзған 4297 нысан анықталды, сотқа 78 карантинді жиі бұзатындарға қатысты материалдар берілді.

 Қала мектептерінде қауіпсіздік және жұқтырудың алдын алу ерекше бақылауда. Тиісті контингенттің мұғалімдері 100% егілді. «Ashyq-тың» заманауи технологияларын белсенді енгізе отырып, «Салауатты мектептер» бағдарламасы іске асырылуда, соның арқасында мектеп оқушылары арасында дерттің төмендегені байқалады.

Дегенмен, жыл соңына дейін дерттің болжамын ескере отырып әрі бірқатар басқа елдерде жұқтыру деңгейінің өсуі салдарынан 2022 жылғы мамырға дейін өнімнің 68 атауынан тұратын дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорын қамтамасыз ету, төсек-орындарды дайындау бойынша әзірлік жұмыстары жүргізілді. 375 дәріханада, қала қоймаларында сұранысқа ие препараттардың әр түрі бойынша күнделікті өткізу көлемі мен қалдықтарына мониторинг жүргізіледі.

Баяндамаларды тыңдаған Ералы Тоғжанов қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын – 24 қазаннан бастап мегаполис «сары» аймақта екенін, соңғы 2 аптада дерттің 1,5 есеге, өлім-жітімнің 1,6 есеге төмендегенін атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары қала әкімдігінің басшылығына COVID-19 бен маусымдық тұмауға қарсы вакциналауды ұлғайтуды тапсырды. ЖОО ректорларының назары студенттерді вакциналау жөніндегі жұмысты күшейтуге аударылды, өйткені бүгінде мегаполистің ЖОО-да студенттерді вакциналау 57%-ды құрайды. Бұл мәселе қауіпсіз білім беру процесін қамтамасыз ету үшін маңызды.

Кеңес жұмысын қорытындылаған вице-премьер Е. Тоғжанов Алматы қаласы еліміздің ең ірі мегаполисі болып табылатынын, сондықтан денсаулық сақтау жүйесін дамыту, эпидемиологиялық ахуал, халықты иммундау мәселелері жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатаң бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.