Елімізде дәрігер тапшы

Елімізде медицина қызметкерлері тапшы. Мемлекеттік емханаларға жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен мейірбикелер жетіспей жатыр. Әсіресе, үлкен шаһарларда бұл қызметтің жалақысы аз, жұмыс жүктемесі көп, дейді мамандар.

Өзге өңірді былай қойғанда, Елорданың өзінде дәрігер тапшы. Қазірдің өзінде 268 маман жетіспейді. Әсіресе, педиатр, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігердің орыны бос тұр. Медициналық оқу ордасын бітірген жас мамандардың көбі мемлекеттік емхананың жүктемесінің көптігіне шыдамай кетіп қалады екен. Себебі, бір дәрігердің мойнында алдына келген науқасты қараумен қатар мобильдік топпен шақыртуға шығуы міндеті тұр. Пандемия басталғалы бұл жүктеме екі есе артқан. Айлығы шайлығына жетпей жүрген маманның баспана мәселесі тағы бар. Бас шаһардың денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені біртіндеп шешеміз деп отыр. Қазір үш ауданда жас мамандарға жатақхана құрылысы басталды.

Әлия Рүстемова, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір емхана басшыларымен жас мамандарды тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Баспана мәселесін шешуге қатысты түрлі тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік жасалады. Еліміздегі ипотекалық несие арқылы денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне биыл 82 пәтер бөлінді. Қазір үш ауданда жас мамандарға арнайы жатақхана құрылысы басталды.

Ал медициналық маман даярлайтын университеттер оқуын тәмамдап, диплом алған мамандарға дұрыс жағдай жасалмайды деп отыр. Әсіресе, мейірбикелердің мәртебесі көлеңкеде қалып қояды. Мысалы Қарағанды облысында бүгінде зейнет жасына жақындаған мамандардың орнына резиденттер даярланып жатыр. Ал жылына бір мыңға жуық дәрігер оқытатын медициналық университетте тек 100-ден астам ғана мейірбике даярланады екен.

Виктор Риклефс, Қарағанды медицина университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры:

– Жоғары білімді мейірбикелер аз. Қоғам тіпті ондай мамандықтың бар екенін біле бермейді. Оған арнайы гранттар бөлінген. Қоғамдық денсаулық сақтау саласында да мамандар жетпейді. Оны пандемия анық көрсетті. Себебі дәстүрлі түрде бәрі әйтеуір дәрігер болғысы келеді. Бірақ қазір дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін медбикелерге де орасан зор жауапкершілік артылып жатыр. Сондай-ақ фармацевтер де тапшы. Қазір бұл салада 105 адам ғана оқып жатыр. Бұл әрине нарықтағы қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз.

Дәрігер тапшылығы жағынан Қостанай облысы бірінші орында тұр. Онда 400-ге жуық ақ халатты қажет. Ал мамандар дәрігерге әлеуметтік жағдайы жасалса, мәселе шешіледі деп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Жандос Сұлтанғазы