Қостанай облысындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 400-ге жуық дәрігер маман қажет

Қостанай облысының, әсіресе ауылды аймақтарында медицина қызметкерлері тапшы. Өңірдегі әрбір үшінші дәрігер зейнет жасына таяп қалған. Олардың орнын басатын кадр жоқ.

«Қанша жағдай жасағанымен, жас мамандар ауылға келмейді. Келсе де тұрақтамайды», дейді Жітіқара аудандық ауруханасының басшылары. Бас-аяғы облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне 350-ден астам дәрігер қажет.

Ресеймен шекаралас Тасыбай ауылы дәрігерге жарымай отыр. Бас ауырып, балтыры сыздағандар 80 шақырым қашықтағы Жітіқараға баруға мәжбүр. Ал кардиолог дәрігерді сонау облыс орталығына дейін іздеп барады.

Әуезхан Ағатаев, Тасыбай ауылының тұрғыны:

– Дәрігер жетіспейді. 5-6 жыл болды қиналып жүргенімізге. Кардиологқа бара алмаймын. Қостанайға барамын. Өте алыс. Бұның бәрі үлкен шығын ғой.

Жітіқара аудандық ауруханасында тіркеуде тұрған 40 мыңдай адамға 56 дәрігер қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінде әсіресе орта буын медицина мамандары тапшы.

Тогрул Умудов, Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Дәрігерлер құрамын зерделейтін болсақ, 37 адам жетіспейді. Одан қалды 44 орта буын маманы қажет. Медбике мен фельдшерлердің де орны бос.

Уролог, көз дәрігері, трансфузиолог сияқты мамандар да бұрыннан жоқ. Олардың орнында зейнет жасқа таяп қалған кадрлар отыр. Ал жастар келгеннің өзінде аздап тәжірибе жинап, басқа жерге кете барады.

Тогрул Умудов, Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Бізге интернатура, резидентураны бітірген жас мамандар келеді. Бірақ ұзақ тұрақтамайды. Уақытша жұмыс істеп, ірі қалаларға кетіп қалады. Әрине бұған біз ешқандай шара жасай алмаймыз. 

Араға он жыл салып биыл Жітіқарада эндокринолог маманы пайда болды. Павлодар облысының тумасы Айдана Әлмағамбетова резидентураны бітіріп осында келіпті. Осы саланың дәрігері жоқтығының салдарынан аудан бойынша қант диабетіне шалдыққандар көбейген.

Айдана Әлмағамбетова, эндокринолог:

– Қостанайға барып, сондағы эндокринологтан кеңес алуға көбінің жағдайы болмаған. Олар өздігінен сонау алыс жерге бара алмайды. Қазір маған келеді. Аурудың алдын алу бойынша кеңес беріп, ем-дом жасаймын.

Жергілікті билік жас мамандарды көтермеақы және пәтерлермен барынша тартуға тырысып жатыр. Қазірдің өзінде медицина кадрлары үшін 20-ға жуық баспана берілді.

Зүлфия Орманова, Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары:

Бізге келетін жас мамандарға бар жағдай жасауға талпынамыз. Соңғы үш жылда 7 пәтер дәрігерлердің қарамағына өтті. Биыл тағы үйлер сатып алып аудандық аурухананың құзіретіне беруді жоспарлаймыз. 

Жалпы, облыста 70-тен астам сала бойынша 358 дәрігер жетіспейді. Келер жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай азаятын түрі бар. Медициналық оқу орындарынан 120 маман келеді деген жоспар бар.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров