Өскеменде трамвай вагондары жөнделе бастады

 

Өскемендегі трамвай паркі ескірген. Жаңасын алу қымбатқа түсетіндіктен, қолданыстағы вагондар шетінен жөнделіп жатыр. Орындықтан бастап, тұтқасына дейін ауыстырылады.

Өскемен трамвай паркі ұзақ жыл бойы жекенің меншігінде болды. Алайда кәсіпкерлер 20 жылдан астам паркті жаңартпаған. Рельстердің 80 проценті тозған. Үш жыл бұрын шаһар басшылары кәсіпорынның бұрынғы иесімен соттасып, мекемені мемлекеттің балансына алды. Қазір коммуналдық меншік есебінде бюджеттен қаржыландырады. Соған сәйкес мемлекеттік дотация есебінен тасымалдаушылар 10 шақырымнан астам рельс пен байланыс желілері және электр жүйесінің тіректерін жаңартуды көздеп отыр. Биыл 3 трамвай жөнделеді.

Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:

– Қазір жаңа трамвай 220 миллион теңге тұрады. Бұл аз қаржы емес. Сондықтан біз әр түрлі нұсқаларды қарастырып көрдік. Вагондардың шанақтарын сатады. Мәселен, Ресейде өндірілген шанақ 63 миллион теңге тұрады. Ал өзімізде жүрген трамвай вагондарын толық жөндеу шамамен 5 миллион болады. Біз үшін осы нұсқа ең тиімді.