«100 шақырым+»: 1,5 миллион жүлде қоры кімге бұйырады?

«Хабар» агенттігінің қолдауымен өткізіліп жатқан «100 шақырым+» онлайн жүгіру жобасына елдің ең шалғайындағы азаматтар да қатысуға ниет білдіріп жатыр.

Солардың бірі – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында тұратын Қарлығаш Шәкен есімді ұстаз. 

Қарлығаш Шәкен Жаңаарқа ауданында салауатты өмір салтын насихаттаушы ретінде жақсы танымал. Жақында ғана облыстық жарыста 28 шақырым жолды 3 сағатта жүгіріп өтіп, алғашқы жартылай марафоншы атаныпты. Алда 42 шақырым, яғни толық марафонда жүгіру жоспары бар. Бұдан бөлек қасындағы командасымен бірге 1 айда 100 шақырымды жүгіріп өтпекке де ниеттеніп отыр.

Қарлығаш Шәкен, «100 км+» челленджіне қатысушысы:

– Ең бастысы командада жүгіретін балалардың денсаулығы жақсы. Аптасына 3 рет жұмыстан кейін жүгіретінбіз. Қазір «100 км+» челленджіне регистрация жасап, барлығымыз соған қатысып жатырмыз. Протоколды қарағанда 846 адам болған, мен 236-адам болып тұрғанмын. Қазір мыңнан көп, күн сайын тіркеліп жатыр.

Қарлығаштың жеке оқыту орталығы бар. Бұдан бөлек, мектепте өзін-өзі тану пәнінен сабақ береді. Қызмет атқарған 5 жыл ішінде өзін-өзі танып қоймай, өз-өзін жеңуде қалай жоспар құруды да үйренген. Енді білгендерін әріптестері мен шәкірттеріне де үйретіп келеді.

Салтанат Байшокенова, Жаңаарқа кентіндегі №132 мектеп директоры:

– Қарлығаш мұғалім облыстық челленждердің барлығына қатысып, сайыстарды қалдырмай, барлығынан жүлделі орындарға ие болып жүреді. Біздің оқушыларымыз осындай ұстаздардан үлгі алса болады. Спорттық жағынан да өте белсенді. Біз мұғалімдерімізге әрдайым көмек пен қолдау көрсетеміз. Ол мұғалімдердің болашағынан зор үміт күтеміз.

Бұл челленджге кез-келген қазақстандықтың қатысуына болады. Ол үшін жобаға тіркеліп, мобильді қосымшаны көшіріп алу керек. Кейін 1 қазаннан 30 қарашаға дейінгі аралықта, күнделікті шамасы келгенше жүгіріп, жалпы қосындысы 100 шақырым болса жеткілікті. Межені орындағандар 1 500 000 теңгелік жүлде қорының ұтысына жолдама алады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...