Семейде жазасын өтеушілер еңбек демалысына шықты

Семейде жыл басынан бері жүзден аса жазасын өтеуші еңбек демалысына шыққан. Мекеме тәртібін бұзбай, жұмысын тиянақты атқарғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай мүмкіндік орташа және ауыр қылмыс жасағандарға беріліп отыр. Олардың барлығы уақытында мекемеге қайтып келді, – дейді мамандар.

Асылан Нұрбеков, 156/16 мекемесінің бастығы:

– Қылмыстық атқару кодексінің және еңбек кодексінің 113-бабы бойынша жазасын өтеушілердің мекеме сыртына шығуға хақысы бар. Біз оларға кезекті еңбек демалысын береміз. Аталған сотталушы бізге өтініш жазды. Біз қабылдадық. Енді ол тұрғылықты мекенжайына барғанда жергілікті полиция бөліміне тіркелуге міндетті. Яғни, ол кісі үнемі қадағалауда болады.

Жақындарымен жүздесуге дайындалып жатқандардың бірі – Сергей Байзев. Жол көлік апатына себеп болғаны үшін ол екі жылдан аса уақытқа бас бостандығынан айрылған. Енді, міне, шектеу мерзімінің бітуіне тоғыз ай қалғанда үйіне барып отбасымен қауышып келмек.

Сергей Байзев, жазасын өтеуші:

– Отбасымды көрмегелі бір жарым жыл болды. Қазір үйге барамын. Өзімнің жақындарымды көретініме қуанып тұрмын.