Қазақ киносын ақша таппаса көрсетпейді – Смағұл Елубай

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Вице-премьер ғылыми-шығармашылық зиялы қауыммен кездесіп, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл жыл басынан 347 жоба жүзеге асырылды. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында 80-нен астам іс-шара орындалды. Даланың ұлы тарихи қайраткерлерінің өмірі мен мұрасы насихатталды. Кітапханалар базасында «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасын қамтитын 105 дамыту үйірмесі жұмыс істейді. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында 100 оқулық қазақ тіліне аударылды.

Кездесу соңында Ералы Тоғжанов академиялық саланың, Қоғамдық кеңестің, Қазақстан халқы және Жастар ассамблеясының өкілдеріне елдің шығармашылық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін алғы білдірді. Мемлекеттік органдарға кездесу барысында айтылған өзара іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Смағұл Елубай, жазушы:

– Жетістіктерден гөрі кемшіліктерді біраз түйіп, түйреп өттік. Бізде суицид пен ажырасу неге көп дейді. Айналайын, 30 жыл бойы біз прокатымызды шетел фильмдеріне және жеке-меншікке беріп қойдық. Мемлекет саясатынан тыс қалды. Олар тек ақша табу үшін отырады. Қазақ киносын ақша таппаса көрсетпейді. Соны жөндеудің бір жолын айтайын. Қазір барлық ауылда Мәдениет үйі бар. Ол жерде күн сайын шара өтпейді. Неге сол жерде кино көрсетпеске?