Атырау облысында 300-ден астам медицина қызметкерінің орны бос тұр

Дәрігер тапшылығы Атырау облысында да байқалады. Қазір аймақта 300-ден астам маманның орны бос тұр. Әсіресе, кардиолог, анестизолог-реаниматор, педиатр, эндокринолог, акушер-гинеколог, уролог пульманолог, инфекционист сияқты салалық дәрігерлер жетіспейді. Соның салдарынан жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жүктемесі артқан. Олар қазір науқастарды кесте бойынша қабылдауға мәжбүр.

Тілекқабыл Қосымбаевтың жүрегінің сыр бергеніне 10 жылға жуықтапты. Алайда асқынған дерт бой бермей, 2017 жылы жүрегіне операция жасатқан. Енді арнайы қондырғымен жүретін науқас үнемі дәрігердің бақылауында болуы керек. Алайда өңірде кардиологтардың тапшылғынан  кезекті ем-шараны көп күтіп қалады екен.

Тілекқабыл Қосымбаев, емделуші:

– Екі апта бұрын жазылдым. ЭКГ ге түстім. Содан бүгін ғана дәрігердің қарауына келіп тұрмын. Кезегім бүгін келді. Дәрігерлердің қатарын тағы да көбейтсе деген тілегіміз бар.

Мысалы, біз аралап көрген №5 емханада 24 дәрігердің жұмысын 17 маман атқарып жүр. Егер аталған емхана қамтитын ауданда 40 мыңнан астам тұрғын бар екенін ескерсек, ол жеткіліксіз. Сондай-ақ көптеген дәрігер кадр тапшылығынан екі-үш емхананың ортасында жүреді. Ол кезегінде емдеу сапасына әсер ететіні даусыз.

Альфия Қожантаева, емхананың кардиолог-дәрігері:

– Өзіміздің кардиологиялық пациентттерге тиісті көңіл бөлінбей жатқан жағдай бар. Олардың операциядан кейінгі бейімделу уақыттары кейде өткізілмей қалады. Біз де кардиолог тек түске дейін 4 сағат қарайды. 4 сағатта жүктеме өте көп. Шамамен отыз шақты адам қараймыз және осы уақытта УЗИ оқып үлгереміз, ЭКГ бар, бәрін адам жасайды. Мен декретке кеткен уақытта, болмаса демалысқа кетсем, орнымда ешкім қалмайды.

Атырауда орта буынды медицина қызметкерлеріне де сұраныс  бар. Өңірдегі медициналық колледжді тәмамдаған жас мамандар мемлекеттік мекемелерге келгісі жоқ. Себебі жұмысы көп, жалақысы мардымсыз.

Батырбек Оңдасынов, қалалық емхананың директоры: 

– Бір жалпы тәжірибелік учаскеде 3 мейірбикеден болуы керек. Потранажды медбикесі бар, 2 акушер мен баланы қарайтын мейірбике болу керек. Біз де екеуден отырады, яғни бір мейірбике жетіспейді деген сөз. Сондықтан бізге 30-ға жуық мейірбике керек.

Бүгінде облыста анестизолог-реаниматор, педиатр, эндокринолог, секілді мамандар тапшы.  Бұл мәселе, әсіресе, алыс аудандарда аса өткір. Осыған орай, екі жылдан бері жергілікті билік облыс әкімінің грантын белгілеп, жас мамандарды дайындауды қолға алды. Биыл 71 студент осындай грант иеленіпті. Алайда олар оқу бітіріп келгенше жағдайдың түзелетіін түрі жоқ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин