Сарышаған полигонында С-300 зениттік-зымырандық кешені сынақтан өтті

Қазақстандық кәсіпорында күрделі жөндеуден өткен С-300 PS зениттік-зымырандық кешені Сарышаған полигонында сынақтан өткізілді. Осылайша, бұл жүйені қалпына келтіру және жауынгерлік кезекшілікке енгізуге байланысты ұзақ мерзімді бағдарлама аяқталды.

Қазақстандық зениттік-зымырандық күштерге қызмет көрсететін «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы алдағы уақытта «Бук-М2» және «Тор-М2» тактикалық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне техникалық қолдау көрсетеді. Қазақстан оларды жақында ғана сатып алды.

Сарышаған полигонындағы С-300 PS-ті бақылау сынақтары екі аптаға созылды. Жалпы алғанда бұл 12 негізгі және қосалқы техника Қазақстан бойынша 1200 шақырымнан астам жол жүріп, оқу полигонында кешен өз орнын бірнеше рет өзгертті. Соңғы кезеңінде қарудың дәлдігі тексерілді. «Гранит» қорғаныс кәсіпорнының әскерилері мен мамандары кешеннің барлық жүйелерін сынақтан өткізді. Техниканың қозғалтқыштары мен кабель қосылымдары, бағдарламалық қамтамасыз етілуіне дейін тексерілді.

Нұрлан Орманбетов, ҚР ӘҚК Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант:

– Бұл кешенді күрделі жөндеу және жаңғырту бойынша бірнеше жылға созылған бағдарлама бүгін аяқталды. Бәрі ойдағыдай болды деп айтуға толық негіз бар. Сынақ соңы жоғары жылдамдықтағы зымыран ұшырумен аяқталды.

Еске салайық, бірнеше жыл бұрын екіжақты келісімдерге сәйкес ресейліктер Қазақстанға С-300 PS 5 дивизиондық жиынтығын сыйға тартқан болатын. Олардың кейбіреулері ұзақ мерзімді сақтауда болса, қалғандары әскерилердің қарамағында болған. Оларды қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарымен ресейлік және қазақстандық компаниялар айналысты.

Марат Аманжолов, гранит зауытының техникалық директорының орынбасары:

– Әрине, Қазақстанның қарулы күштері үздіксіз даму жолында. Қазір жаңадан шығып жатқан Бук және Тор деген комплекстерді Қазақстан қарулы күштері сатып алып жатыр. Соны ары қарай тексеру және жөндеу Алматының гранитында өтеді. 25 жыл күзетте тұрса, сол 25 жыл бойы біздің мамандар барып, тексеріп, сынған жерлерін жөндеп береді. Әскерлерімізге сондай көмек көрсетеміз.

Қазіргі уақытта елімізде Бук-М2 дивизиондық жиынтығы қызмет етуде. Қорғаныс министрлігі оның екіншісін сатып алу туралы шешім қабылдады. Toр-M2 елімізге 2022 жылдың басында келеді. Ал оның әскери сынақтары Сарышаған полигонында өтеді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко, Сержан Жұмабаев