Сауда орталықтарында сурет пен видео түсіруге салынған тыйым заңсыз

Сауда орталықтарында түсірілім жасауға тыйым салынбаған.

«Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 395-бабына сәйкес кез келген дүкенде, кез келген сауда орталығында кез келген адам ақпарат алуға құқылы. Ол біреудің жеке меншік үйі емес, ашық қоғамдық орын», – деді журналистер құқығын қорғап жүрген халықаралық «Әділ сөз» қорының сарапшысы Ғалия Әженова.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Петропавл қаласындағы «Достық молл-да» «Хабар» агенттігінің журналисіне күзетшілер қоқан лоқы көрсетіп, күшпен сыртқа шығарған болатын. Осыдан кейін сауда орнының есіктеріне сурет пен видео түсіруге тыйым салынады деген ескертулер ілінген.

Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Ғалия Әженова, халықаралық «әділ сөз» қорының сарапшысы:

– Бірінші журналисті Конституцияның 20-бабы қорғайды. Сонымен қатар ақпаратқа қол жеткізу заңы қорғайды. Сонымен қатар журналисті қылмыстық кодекстің 158-бабына сәйкес өзінің кәсіби қызметін жасап жүрген кезде оған кедергі жасаған жеке тұлға немесе заңды тұлға жауапқа тартылады. Қылмыстық жауапқа тартылады. Сол себептен осы Петропавлда болған жағдай заңға қайшы. Бұл жерде біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл ашық қоғамдық орын. Иә, ол біреудің бизнесі шығар. Бірақ ол жерге кез келген адамның кіруіне, сұрауына, талап етуіне, қосымша ақпарат алуына құқығы бар.