Сырдария суы тартылған сайын диқандар күріш егуге жүрексінеді

Қызылордалық диқандар су тапшылығына қарамастан биыл 83 мың гектар жерге күріш екті. Тіршілік нәрін арық түбінен  тартып, егінді  күйдірмей жинап алды. Дарияның суы тартылған сайын шаруалар күріш егуге тәуекел етуге қорқады. Бірақ  Қызылорда облысының экономикалық негізі саналатын күріш шаруашылығынан  бас тарта алмайды.

Қатты қиналса да тынымсыз еңбектің күшімен шаруалар ел қамбасына 500 мың тонна өнім жинады. Орта есеппен әр гектардан 60 центнер өнім алынды. Ол негізінен суарудың жоғары технологиясы мен жаңа техниканы пайдаланудың арқасында мүмкін болып отыр. Сосын шаруалардың су жоқ деп қарап отыра бермей, күріш сортын жаңалап алғаны да септігін тигізді. Ресейлік, ирандық және өзбекстандық 16 сұрыпты экологиялық сынақтан өткізген отандық ғалымдар тұзды топыраққа төзімділігі жөнінен жергілікті «Сыр сұлуы», «Сәлима», «Айсәуле» сорттарының артықшылығы көп екендігін анықтаған.

Нұрбол Аппазов, химия ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Климаттық ерекшеліктерді топырақ тұздылығы, судың аздылығына байланысты біздің сорттарымыз шетелдік сорттардан артықшылықтарға ие. Шетелдік сорттардың кемшілігі жергілікті климаттық жағдайда өздерінде өсірілген жағдайға қарағанда төмен болады және қызыл дән түзілуі жоғары. Ал бізге мейлінше қызыл дән түзілуінің болмағандығы немесе төмен болғандығы жақсы. 

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы бұл 2 сорттан 1156 гектар жерге егілді. Содан қазір 3 мың тоннадай күріш тұқымы дайын болады деген жобамыз бар келесі жылға. Яғни бұл 12 мың гектарға жетеді. Бұл жалпы облыстың күріш дақылының 15 процентін құрайды. Ал әрі қарай келесі жылдары сол күріштің тұқымымен толық қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз болады. 2022 жылға 50 процентке дейін жеткізуге мүмкіндік болады. Енді тиімділігіне қарай шаруашылықтар өздерінің таңдауларын жасайтын болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр өңірінде күріш шаруашылығы айтарлықтай құлдырады. Мәселен, 1995 жылы бар болғаны 143 мың тонна күріш жиналды. Осыдан 5 жыл бұрын қазақстандық күрішшілер Ресей мен Қытай кәсіпкерлерімен бәсекелестікке түсуге қауқарсыз еді. Отандық агротауар өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықта белсенді болуына мемлекет қолдау көрсетті. Елімізде күріш кластерін қалыптастырып, өнімділік көлемін арттыру бағытында ірі жоба әзірленді. Соның нәтижесінде Сырдарияның теңізге құяр сағасында отырған солтүстік аудандардың өзінде күріш алқаптары ұлғайды.  

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

- 1991 жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімдері 1,4 млн теңгені құраса, өткен жылы 16 млрд теңге өнім өндіруге мүмкіндік болды. Бүгінгі таңда ауданда жалпы 17 мың га жерге ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде дәнді дақылдар 6560 га егілді. Өткен кезеңмен салыстырғанда өнімнің егілуі мен өндірілуі жоғарылағаны байқалады.

Арал аймағын биыл қуаңшылық жайлап, 600-дей бас мал шығыны болғаны белгілі. Өрістен талғажу етер қылтанақ таппай құм жеген түлікті түгел қырып алмау үшін жайылымдар-егістіктерді суландыруға бірнеше гидронысандар жаңғыртылып, каналдар қазылды. Қазір Қамбаш көлі мен Арал теңізіне құйылатын су көлемі күн сайын артып келеді. 

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Ақшатау, Қамбаш көлдер жүйесін сумен толтыру мақсатында арналарды қаздыртып, Аспай су ағытқысын жөндеу жұмыстарын жұргізіп, Бұрмақұлақтың тұсынан дарияны бөгеу жұмыстары жүргізілген болатын. Оған облыстық бюджеттен 250 млн тг бөлінді осы төтенше жағдайдың салдарын жоюға байланысты. Қазіргі таңда 2 канал, 1 тоспа атқарылып тұр. Соныман қатар 2 ұңғыма қазылып жатыр.

Тәуелсіздік алған жылдан бері Сыр еңбеккерлері ел қамбасына 9 миллион тоннадан астам күріш жинады. Республиканың 80 процентін күрішпен қамтитын агросеріктестіктер соңғы 15 жылда құны 260 миллион доллар болатын дәнді дақылды экспортқа шығарды. Ерен еңбекті толайым табыстармен ұштастырған егіншілер Сыр ана суалмасын деген тілекпен соқа-кетпенін келесі көктемге сайлап отыр. 

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев