Қазақстанда қоқысты өртеу арқылы энергия өндіретін 6 зауыт құрылады

Алдағы 4 жылда Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды жағып, оны энергияға айналдыратын 6 зауыт құрылады.

Олар Нұр-Сұлтан, Өскемен, Қарағанды, Алматы, Шымкент пен Ақтөбе қалаларында салынбақ.

Бұл туралы үкіметтің кезекті отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. Зауыттардың құрылысы келер жылы басталмақ. Осылайша 2025 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу үлесін 35%-ке жеткізу көзделіп отыр. Әзірге бұл көрсеткіш 20%.

Ғарыштан түсірілген жазбаларға сәйкес, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында бейберекет қоқыс үйінділерінің көптігі анықталды. Бүгінде елдегі 3 мың қоқыс полигонының тек 20%-і экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. 2030 жылға қарай олардың барлығын талапқа сай ету міндеті тұр.