Бағдат Мусин: Жүргізуші куәлігін алуға емтиханды сәтті тапсыратындардың саны күрт азайған

Нұр-Сұлтанда жүргізуші куәлігін алуға құжат тапсырған 2 мыңнан астам адамның тек 30-ы ғана емиханды сәтті тапсырған. Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Брифинг барысында журналистерге автоХҚКО қызметін тексеру үшін қыркүйекте жасырын, яғни қарапайым клиент ретінде жүргізуші куәлігін алуға барып, біраз заңсыздықтарға тап болғанымды айтқан едім. Және кейін осы тексерістің нәтижесімен бөлісуге сөз бердім.

«Азаматтарға арналған үкіметтегі» ішкі қауіпсіздік қызметінің мамандары жасаған видеоның негізінде осы маңызды мәселе бойынша шұғыл іс-шаралар қолға алынды.

Қазіргі таңда мемлекеттік корпорациядағы әріптестерім күллі ел бойынша бақылау жұмыстарын күшейткендіктен, мұндай жағдайлар басқа да аймақтарда анықталып жатыр.

Бұл бағыттағы барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.

Тексеріс басталғаннан бері күнделікті статистикаға көз жүгіртіп отырамын. «Праваға» практикалық және теориялық емтиханды сәтті тапсырғандардың саны бірден азайғанын байқауға болады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында соңғы екі аптада жүргізуші куәлігін алу бойынша 2160 өтініш түскен, соның ішінде тек 30 адам ғана сынақтан сүрінбей өткен.

Алдағы уақытта барлық мамандандырылған ХҚКО-да теориялық емтиханды тапсыру кезінде тұлғаны арнайы биометриялық тану жүйесін енгіземіз. Бұл жүйе сынаққа келген адамның жеке тұлғасын анықтап, тест тапсырушыларды кездейсоқ орынға жайғастыруға мүмкіндік береді. Әр жұмыс орнына камера орнатылады. Мұндай жүйе қазір пилоттық тәртіпте қолданылып жатыр.

Егер сіз мемлекеттік корпорация қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттерін байқасаңыз немесе басқа да заңбұзушылықтарға тап болсаңыз, +7 700 710 14 14, 8 (7172) 95 51 14 сенім телефондарына хабарласыңыз», делінген министрдің хабарламасында.Публикация от Bagdat Mussin (@bagdatmussin)