Алматыда ұры сканердің көмегімен бөтеннің көлігінен 20 млн теңге ұрлап кетті

Алматыда қарағандылық ұры сканердің көмегімен бөтеннің көлігінен 20 миллион теңге ұрлап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл жолы бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған Қарағанды ​​облысының 51 жастағы тұрғыны көзге түсті.

– Бұл қылмыс 28 қазан күні сағат 10:30-да орын алды. Т.есімді азамат Гоголь мен Төлебаев көшелерінің қиылысында тұрған Mercedes көлігінің салонына заңсыз кіріп, сол жерден жасырын түрде 20 миллион теңге ақша ұрлаған. Күдікті Қарағанды ​​облысында ұсталды. Ер адам ұрланған ақшаның бір бөлігін жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды. Қалғаны тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша Медеу аудандық ПБ тергеп жатқан қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелді, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Спикердің айтуынша, қаскүнем дабылды сканерлеу арқылы бөтеннің көлігін ашқан. Осы қылмысқа басқа да адамдардың қатыстылығы анықталуда.