Болашағы бар қалаға қоныс аударғандардың баспаналы болуына жағдай жасалады – Тоқаев

Бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапармен Екібастұз қаласына барды. Өңір әкімдерінің басын қосып, моноқалаларда тұратын бір жарым миллион тұрғынның мәселесін талқылады.

Жиырма жыл бұрын ел аумағындағы 27 шағын қалада үш миллионнан астам халық тұрса, қазір үдере көшіп жатыр. Тіпті, моноқалаларды дамытуға арналған бағдарламаның өзі олардың аяқтан тік тұруына көмектесе алмады. Бірақ ең ірі үш моноқаланың бірі саналатын Екібастұздың дамуы ел Үкіметінің назарында тұр.Таяуда қаланың даму жоспары бекітілді. Соған сәйкес Екібастұзда арнайы өндіріс аймағы құрылмақшы. Бүгін Президент теміржол жабдықтарын шығаратын цехтың ашылуына да қатысты. Сондай-ақ моноқалалардағы халықтың мұң мұқтажымен танысты.

Екібастұзға келіп елмен тілдескенде көз жеткізгеніміз осы. Шағын қалаларда кездесетін шикіліктер мұнда да аз емес екен. Жергілікті  халықтың бәрі бірдей күнкөрісіне көңілі толып тұрған жоқ. Бірін әлеуметтік жағдай алаңдатады, енді бірін қаланың инфрақұрылымы мазалайды. Өйткені су, жылу құбырлары мен электр желісінің 80 проценті әбден тозған. Қаланың жеке секторында жөні түзу жол да жоқ. Әкімдік тұрмысы төмен  отбасыларды баспанамен қамти алмай отыр. Осы сандардан-ақ Екібастұздағы өмір сүру деңгейін көруге болады.

Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:

– Бұл жерде, әрине, мәселе көп. Әсіресе, қаланың ішкі құбырлары, инфрақұрылым – бәрі қаражатқа байланысты. Сондықтан біз республикалық бюджеттен ғана ақша алып қоймай, осы жергілікті жердегі өндіріс орындарын көбейтіп, кәсіпорындары дамытып, соның салығы арқылы кіріс деңгейін көтеруіміз керек. Ең басты мәселе – осы.

Бүгін Президенттің моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық жиынды осында келіп өткізуі тегін емес. Өйткені қыркүйек айында ғана Үкіметте Екібастұзды дамытудың 2025  жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілген болатын. Өйткені моноқалаларды дамыту жөніндегі бағдарлама тек Екібастұздың емес, барлық шағын қалалардың түйінді мәселесін толық тарқатып бере алмады. Президент «аталған құжатта нақты ұстаным мен ортақ пікір болмады», – деді. Қыруар қаржы бөлінген бағдарламаның нәтижесі, міне, осындай.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі күні моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымы өте мүшкіл. Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалаларында сумен жабдықтау желілерінің 90 проценті тозған. Кей қалаларда жылу желілері мен электр желілерінің 85 проценті ескірген. Автомобиль жолдарының тең жартысы қанағаттанарлық күйде емес. Елдегі 27 моноқаланың әрқайсысының даму барысы әртүрлі. Бірінің экономикалық өсуі тұрақты болса, енді бірі тоқыраудың алдында тұр.

Елімізде 27 моноқала бар. Олардың ішіндегі нарыққа бейімделе алғандары ғана экономикасын әртараптандырып аяқтан тұрды. Бірақ еңсесін тіктей алмай отырғандары әлі бар. Президент жауапты әкімдерге барлық моноқалалардың жағдайын зерттеп, арнайы талдау әзірлеу керектігін айтты. Ол келер жылдың  наурызына дейін аяқталуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шалғайдағы ірі моноқалаларды елдің басқа аймақтарымен байланыстыру үшін стратегиялық көлік қатынасын орнату керек. Мен 2023 жылы Нұр-Сұлтан-Алматы жолын жаңғырту жұмысын аяқтауды тапсырдым, бұл Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттырады. Ал 2024 жылы Жезқазған-Қызылорда тас жолының құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл Жезғазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын нығайтып, жүк транзитін арттырады.

1999 жылдары моноқалалардағы халық саны 3 миллионнан асып жығылатын. Қазір 1 жарым миллион адам ғана қалды. Өкінішке орай, үдере көшкен халықты тоқтату мүмкін болмай тұр. Сондықтан Президент даму әлеуеті төмен моноқала тұрғындарының өңіраралық қоныс аударуына жағдай жасау керек деді. Яғни, әлеуеті төмен қалалардан болашағы бар өңірлерге өз еркімен қоныс аударған жандарға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.

Атап айтқанда бір реттік қаржылай қолдау беріледі, баспаналы болуына жағдай жасалады. Жұмыспен қамту мәселесі де шешілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Болашағы бар қалаларға қоныс аударған азаматтарға бір реттік қаржылай қолдау көрсетіліп, баспаналы болуына жағдай жасалуы керек. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына даму әлеуеті төмен моноқалаларға арналған жеке бөлім енгізу қажет. «Отбасы Банкі» мұндай азаматтар үшін бастапқы жарнасы 10 процент, сыйақы мөлшерлемесі 2-5 процент болатын жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама қарастыруы тиіс.

Шағын  қалаға шағын бизнесті алға сүйрейтін ауқымды жобалар керек. Бірақ біздегі моноқалаларда жұмыс істеп тұрған жобалардың көбі 2017 жылға дейін ашылған нысандар екен. Алдағы уақытта 30 шақты кәсіпорын іске қосылуы керек бірақ олардың өзі әлі де жобалау үстінде. Ал Ақтөбе, Алматы облыстарының жоспарында, тіпті, бір де бір жоба жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Көптеген моноқалалар үшін тау-кен өндірісі қала құраушы кәсіпорын болып саналады. Сондықтан жер қойнауын геологиялық барлауға басымдық беру керек. Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларындағы перспективалы аумаққа назар аударған жөн. Ал Екібастұз – бүкіл елдің отын-энергетикалық орталығы. Сол үшін ГРЭС-1 энергоблоктарын жаңғырту жұмысын 2023 жылы, ал ГРЭС-2 стансасындағы үшінші блоктың құрылысын 2024 жылы аяқтауды тапсырамын.

Екібастұз – елдегі ең ірі үш моноқаланың біреуі. Қазақстан көмірінің тең жартысы осында өндіріледі. Электр энергиясының 26 процентін беріп отыр. Бірақ көмір мен энергияның есебінен түсетін табыс қаланың мәселесін толық шешуге жетпейді. Сондықтан облыс басшылығы қаланың экономикасын әртараптандыруды қолға алып отыр. Мысалы, бұл Екібастұздағы отандық темір жол кластерін қолға алған алғашқы өндіріс орны. Құрамына бес кәсіпорын кіреді. Шойын жолға қажетті жабдықтардың рельстен өзгесінің бәрін осы кәсіпорындар шығарып отыр. Оның ішінде жоғары салмақты жүк көтеруге арналған дөңгелектер бар.

 Марат Темірғали, зауыттың бас конструкторы:

– Бұрын Қазақстан темір жол қажеттілігін шетелден келген доңғалақтармен қамтамасыз етсек, бүгінгі таңда бұл қажеттілікті өзіміздің өніммен жаптық деп айтуға болады. Сапасы басқа елдердікінен кем емес. Себебі әлемнің ең үздік құрылғыларында өндіріледі.

Қазақстанда шығарылған өзіміздің отандық дөңгелектер, міне, осы. Таза болаттан құйылған. Қазіргі күні еліміздегі бүкіл жүк пойызы мен жолаушылар вагонында және метрода дәл осы өзіміздің отандық өнім қолданылып жүр. Зауыт жылына 300  мыңдай дөңгелек шығарса соның тең жартысы экспортқа жөнелтіледі. Міне, дәл қазір «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар дөңгелектер көрші Ресейге жөнелтіліп жатыр.

Бүгін Президенттің қатысуымен кәсіпорынның жаңа цехы іске қосылды. Рельске қажетті жабдық шығаратын кәсіпорын заманауи құрылғымен жабдықталған.

Ғазиз Мәліков, зауыт жұмысшысы:

– Бұл станок бес адамның жұмысын атқарады. Секундына екі клемма шығарады. Клемманы біз рельстерді бекітуге қолданамыз.станок ешқашан қателеспейді. Қазақстан республикасындағы жалғыз станок.

Президент сапар аясында облыстағы кадрлық резервке ілінген жастармен де кездесті.  Арасында осалы жоқ. Бәрі – өз саласының кіл мықтылары. Бірі индустрия, бірі қаржы, енді бірі құқық қорғау саласында еңбек етіп жүр. Облыс, аудан әкімдіктерінде жауапты міндет атқарып жүргендері де бар.

Аян Бейсекин, Ертіс ауданының әкімі:

– Ауыл ел бесігі жобасы аясында біраз өзгерістер болып жатыр.Жол су мәселесі шешіліп жатыр. Халық та риза.

– Облыс бойынша ең өзекті, ең түйткілді мәселе қандай екен?

– Өзекті мәселенің бірі ұялы байланыстың кей аулыда жоқтығы. Бұл мәселе шешіліп келе жатыр. Жеті ауылда болмап еді, биыл бес ауылда жүзезе асырдық. Келесі жылы тағы жоспарлап отырмыз. Ендігі жылы 250 мың халқы бар ауылдарды ұялы байланыспен қамтамасыз етуге цифровизация министрлігінің қолдауы бар. Жүзеге асырамыз.

– Мәселе үлкен бастық болу емес, мемлекетімізге көмектесу. Сондықтан баршаңызға табыс тілеймін.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Дулат Ентебеков, Әлібек Әлиев