Эко-белсенді: Қазақстанда экологиялық мәдениет қалыптаспаған

Ақтөбеліктер қоқыс өртеу зауыты құрылысына қарсы. Олардың айтуынша, жаңа өндіріс орны өңірдің ақсап тұрған экологиялық ахуалын одан бетер ушықтырады. Сондықтан наразы топ интернет бетінде петиция жариялап, тұрғындарды зауыт жобасынан бас тартуға шақырып жатыр. Десе де бұған жауапты мамандардың айтар өз уәжі бар.

Тұрғындарға экологиялық әдепті насихаттап жүрген Айман Сексенова кез-келген тұрмыстық қалдықтың өз орны бар деп есептейді. Сондықтан күнделікті қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге болатынын тиісті өндіріс орындарына өткізуге шақырады. Әлеуметтік желіде қалдықтарды бөліп сақтаудың қарапайым әдіс-тәсілдерін де түсіндіруді қолға алған. Қоғамды қайта өңдеу үрдісіне үгіттеп жүрген жан «облыс орталығына қоқыс өртеу зауыты салынады» дегенді естігенде жағамды ұстадым дейді. Сондықтан интернетке жарияланған үндеуге алғашқылардың бірі боп қол қойған.

Айман Сексенова, эко-белсенді:

– Қоқыс өртеу зауыты құрылысына менің қарсы болған себебім – бізде экологиялық мәдениет қалыптаспаған. Себебі қалдықтарды жоюдың кезеңі өңдеуден басталады. Содан қалғанын ғана өртеуге болады. Ол үшін қоғамда тиісті әдеп қалыптастыру маңызды. Сол қоқыс полигонындағы көптеген қалдықтарды қайта пайдаға асыруға болады деп есептеймін.

Тұрмыстық қалдықтарды жою арқылы зауыт электр энергиясын өндіруі тиіс. Жоспарға сай Ақтөбеден бөлек Атырау, Алматы, Тараз бен Шымкент және елорданы қамтиды. Құрылысты мойнына жүктеген мекемеге қойылатын бірнеше талап та бар. Ақтөбе облыстық табиғи ресуртар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Әнуарбек Бермағамбетовтың айтуынша жаңа өндіріс орны еліміздің экологиялық кодексіне толықтай сай болуы тиіс.

Әнуарбек Бермағамбетов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы:

– Барлық қатты тұрмыстық қалдықтар өртенбейді. Қалдықтардың өртеуге жататын тізімі анықталды. Өте қауіпті тұрмыстық қалдықтар өртеуге келмейді. Зауыттың техникалық сипаттамалары болмай бұған нақты қоршаған ортаға әсерін тигізу туралы қорытындысын айтуға болмайды.

Шенеуніктер Ақтөбеде салынатын зауытқа орын да белгілеп үлгерген. Қоқыс полигоны маңына тиісті инженерлік желілерді жеткізуге де әзір. Алайда жергілікті халық зауыттың шаһарға сонша жақын орналасуына да наразылық танытуда.

Себебі тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтың өзі жыл басынан он рет өртенген. Қазірдің өзінде бықсып өртеніп жатқандығы көрініп тұр. Жалын шыққан сайын қаланы қою түтін тұмшалап, қолқаны қабатын қолаңса иіс жайлап алады. Мұндай жайт соңғы рет өткен аптаның басында болды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тұрғындарға реті келсе үйден шықпауға кеңес берді. Соған қарамастан өңірлік экология департаменті өкілдері ауаға таралған зиянды заттардың көлемі қауіпті межеге жеткен жоқ деп отыр.

Ғасыр Орынбасаров, Ақтөбе облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

– Біз енді санитарлық-қорғау зоналарын өлшейміз. Өлшемдер алынды. Полигон өртенгені үшін қазір шаралар қабылданады. Арыз түсті. Арыз бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Құзырлы органның бұл пайымымен эко-белсенділер келіспейді. Қоқыстың жалынынан адам ағзасы мен қоршаған ортаға келер залалын арнайы құрал-жабдықсыз да байқауға болады дейді. Себебі тынысты тарылтып, тамақты қыратын иістен бас айналып, денсаулығы сыр бергендерді жиі кездестіруге болады.

Евгений Лазарчук, эко-белсенді:

– Бұл иіс Ақтөбені ғана емес, төңіректің барлығын жайлады. Желдің бағытын бағып отыратын болдық. Қаланың әр жерінде сынама алғанымызда күкірт қышқылы мен диоксиді, азот диоксидінің көрсеткіші шекті нормадан 20 есе артқанын көрсетті. Қазгидромедтің сынамасы да дәл солай.

Зауыт құрылысына қарсылық білдіргендер интернет бетінде дауыс жинауға кіріссе, шенеуніктер жаңа өндіріске қаражат бөлуге ниетті инвестор іздеуде. Айтпақшы 293 миллиард теңгеге бағаланған инвестициялық жоба жеке меншік қаражат есебінен салынуы тиіс. Алайда эко-белсенділер бұл соманы тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешеніне жұмсаса нұр үстіне нұр болар еді дейді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков