Әлеуметтік сауда нүктелері бағаны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді

Азық-түлік бағасы Шығыс Қазақстандағы тұрғындарды алаңдатып отыр. Өңірде әлеуметтік маңызы зор деп саналған 19 атаулы өнім қымбаттаған. Ал жергілікті жауапты мекемелер бұл мәселені тұрақтандыру қоры аясында ашылған сауда нүктелері арқылы шешуге тырысып жатыр.

Әлия Рақышева айлығын алып, базардағы бағаны бағамдап жүр. Көп нәрсені қалтасы көтермесі анық. 75 мың теңге жалақысын қайда жеткізсем деп басы қатуда. Сондықтан бір жолы құс етін, кейде мал етін алып жүрсе, кей уақытта тіпті көкөніс қана көтеріп қайтамын дейді.

Әлия Рақышева, қала тұрғыны:

– Күнделікті нан, сүт – бәрі қымбаттап жатыр. Тиын тебен жетпейді. Кішкене 5-10 теңгені үнемдейік деп мына орталыққа келіп аламыз.

Ет сатушылар болса тұтынушылар азайды, – дейді. Ел бұрынғыдай бірнеше келілеп емес, шағындап алуға көшкен.

Алмаш Омарғазина, сатушы:

– Тұтынушылар саны өте азайды. Өйткені адамдар қазір үнемдеуді бастады.Үнемдейді, қазір етті 2-3 кг-нан ғана алады. Көріп тұрғандарыңыздай, сауда өте аз.

Облыста бағаның өскенін мамандар да растап отыр. Айтуларынша, бұған ауыл шаруашлық өнімдері мен жанармай бағасының қымбаттауы ықпал еткен. Бір-бірінен шығып жатқан себептер, сөредегі тауар құнын көтерді де жіберді.

Анна Жанайдарова, ШҚО кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

– Жыл басынан бері баға өсті. Ол рас. Ұн, сүт өнімдері, көкөністер қымбаттады. Өйткені ауылшаруашылығымен айналысатындар өз өнімдерін қымбаттатты, оның үстіне жанармай бағасы да жоғарлады. Осының барлығы да әсер етті.Қазан айының басында жұмыртқа бағасы 16,6 процентке дейін артты.

Шығыстағы басшылар аса жиі тұтынатын өнімдерді әлеуметтік сауда нүктелерінен алуға кеңес береді. Биылға 10 мың тонна өнім жиналыпты. Жартысынан көбі көкөністер. Баға сәл басқаша. Тіпті құны көтеріліп тұрған жұмыртқа 330 теңгеден тұр. Тек бір қолға он данадан артық берілмейді. Күнбағыс майы да арзан болады деп жоспарланған. Көкөністер 82 теңгеден.Картоп былтырғыдан 30 процентке артық алыныпты. Өйткені сұраныс солай. Тұрғындар бұл өнімдердің бағасы тағы да аяқ асты аспандап кете ме деп алаңдайды.

Эльдар Тумашинов «ЕРТІС» ӘКК төрағасы:

– Бізде барлық мәселе ұзақ мерзімде сақтайтын қойманың жоқтығынан болып отыр. Өнімді аптап ыстықта сақтай алмай қаламыз. Қазір енді төмендетіп сату орталығы құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Онда екі бірдей көкөніс сақтайтын қойма болады.

Бұдан бөлек қымбатшылықты аз да болсын тежеу үшін өлкеде үстеме бағаны аз қосу мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен меморандумдар жасалуда.Оларға бұл мақсатта жеңілдетілген қарыз ұсыну туралы жүйе қарастырылыпты.

Баға басқа жақта да қарық боп тұрған жоқ. Мәселен, ас атасы тек Қызылорда мен Ақтауда арзандау ,40-90 теңге. Батыс пен Шығыста, Солтүстікте 140 теңгеден. Сүттің ең арзаны Солтүстке литрі 240 теңге,қалған өңірлерде ақтың құны 300 теңгеден асып жығылады. Күнбағыс майының бағасы 800-1000теңге аралығында болса, ет бағасы орташа 2500-2800 теңге шамасында екен. Жұмыртқа удай. Он данасы Ақтау мен Оралда 500 теңгеге болса, Шығыста 560тг дейін жеткен.

Қызылорда облысы:

Нан- 40 г

Сүт- 380тг

Күнбағыс майы-1000 тг

Ет- 2400тг

Жұмыртқа- 400тг (10 данасы)

Ақтау:

Нан- 90тг

Сүт- 320тг

Күнбағыс майы-1000тг

Ет- 2800тг

Жұмыртқа-500тг

БҚО:

Нан- 140тг

Сүт- 450тг

Күнбағыс майы-800тг

Ет- 2000тг

Жұмыртқа- 500 тг

СҚО

Нан- 140тг

Сүт- 240тг

Күнбағыс майы- 1000тг

Ет- 2500тг

Жұмыртқа- 450тг

ШҚО:

Нан- 140

Сүт- 350

Күнбағыс майы-920

Ет- 2500

Жұмыртқа- 560

Еліміздің бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпаратынша әлеуметтік маңызы бар 19 атаулы өнімнің жартысы шет елден келеді.Ендеше баға неге өскенін түсіну қиын емес. Одан бөлек агенттік төрағасы қымбатшылыққа әкелген себептерді жіктеді. «Бізде шетелге қарағанда жағдай тұрақты дегенді» меңзеді.

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Біз айтып жүрген 19 әлеуметтік маңызы бар атаулы өнімнің жартысы шетелден келеді. Соны ескеруміз керек. Әлем бойынша айтар болсам, қазір күнбағыс майы бізде 30 процентке өссе, әлемде бұл көрсеткіш 60 процентті көрсетеді. Қант бізде 14 процентке, ал өзге елде 54 процентке дейін қымбаттады.

Бірақ Әлия Рақышева сынды қарапайым тұтунышыны әлемдегі емес, елдегі жағдай алаңдатады. Оның үстіне жалақым да «әлеммен» салыстыруға келмейді дейді ол.Сондықтан халық, бір қымбаттап алған нарықтың енді ырыққа көнеріне күманмен қарайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов