Мемлекет үшін маңызды нысанның құрылысы қаражат жетпей тоқтап қалды

Шығыстағы Бұқтырма су қоймасы үстінен салынатын көпір құрылысы тоқтап тұр. Стратегиялық нысан құрылысына бастапқыда республикалық бюджеттен 30 миллиард теңге бөлінген. Алайда қазір бұл қаржы аздық етіп тұр. Сондықтан жауапты басқарма тағы 20 миллиард теңге сұраған. 

Бұқтырма су қоймасына көпір салу жөнінде 3 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне нақты тапсырса берген еді. Президент пәрменінен соң жоба мақұлданып, тиісті жұмыстар басталған. Бірақ соңғы бір жылда құрылыс қарқын ала алмай келеді. Есесіне Күршім мен Зайсан ауданының халқы елу жыл болған ескі пароммен тағы қанша жыл жүретіндерін білмей дал. Бұл әсіресе азық-түліктің бағасына қатты әсер етіп тұр.

Асхат Мауылханұлы, Күршім ауданының тұрғыны:

– Енді көпір жоқ болған соң, тауардың бағасы, әрине, қымбат қой. Ертістің ар жағында. «Необитаемый остров» дейді ғой. Сол секілді. Қымбат. Бір паромды екі сағат тосасың. Осында тұрып, өміріңнің екі сағатын жоғалтасың.

Жауапты басқарма мамандары бүгінге дейін көпір салынатын аумаққа электр жүйесі  тартылып, қосымша жол салынған. Бірақ былтырдан бері құрылыс материалдары бірнеше есеге өскен. Бастапқы жобаға республикалық бюджеттен 30 миллиардқа жуық теңгеге бөлінген.

Нұрбек Тұраров,  облыстық автокөлік жолдары басқармасы  басшысының орынбасары:

Қазіргі болжаммен үстіне бір 15 пен 20 миллиардтың арасында қосылуы мүмкін. Өйткені, жаңа айтқандай көпірден бөлек Көкпекті ауданынан, яғни Бұқтырма су өткелінің сол жағалауына 16 шақырым жол қажет.

Бұл көпірге жауапты мамандар құрылыс 2024 жылы аяқталады деп отыр.  Ал  үш жыл бұрын  басталған  Өскемен-Бұқтырма бағытында төтелеп салынуы тиіс 27 шақырым жолдың 10 шақырымы мен тау арасын қосатын көпір мүлде аяқсыз қалды. Бұл жол мен көпір 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Арада 2 жыл өтсе де бітетін түрі жоқ. Осы жолдың бойындағы кәсіпкерлер де қиналып отыр.

Наталья Пенкаина, кәсіпкер:

– Мен бәрінен айырылдым. Осы жерде жалғыз қалдым. Қазір қайда барарымды білмеймін. Жұмыс жүріп жатқан соң, дәмхана ашпақшы болдым. Қаладағы бар мүлкімді сатып, осында келдім. Жол құрылысы аяқталса, арлы-берлі өткен көліктер тоқтар еді. Енді қайдам. Құрылыс жұмыстарының тоқтағанына екі жылдан асты. Осылай қала ма деп, қорқам.

Бұл көпір мен жолға жоба бойынша 16 миллиард теңге қажет болған. Ақтау үшін тағы 2 жарым миллиард теңге керек. Бірақ құрылысты бастаған мердігер компанияның қазір бұл жерде ізі де жоқ. Ал қажет қаржы бөліне ме, жоқ па ол да белгісіз.

Олжас Ахметов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:

– Алдағы жоспарды осы айда болады деп айту қиын. Өйткені, бюджеттің бөлінуіне байланысты. Жаңағы республикалық бюджеттік комиссияның қаралуына байланысты болады.

Шығыстағы ел  қазір көпір құрылысы десе күдікпен қарайтын болды. Себебі   Ертіс өзеніндегі  бұл  көпір 7 жыл  дегенде бітті . Бастапқы  жобада 2 миллирад теңге  болса пайдалануға берілгенше 10 миллиардқа жеткен.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігар Бабаханов