Covid-19: Атырау облысында 18 жүкті әйел мен 49 бала ауырып жатыр

«Жасыл» аймақтағы Атырау облысында 18 жүкті әйел мен 49 бала коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен тәулікте – 3 қарашада қауіпті вирусқа 19 адам шалдыққан. Оның ішінде Атырау қаласынан 11 тұрғын, Теңіз кен орнының 4 жұмысшы бар. Сондай-ақ, Жылыой ауданында – 2, Индерде – 1, Исатай ауданында 1 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі табылған. «Қазір үй жағдайында 176 адам, инфекциялық стационарларда 181 науқас емделіп жатыр. Өңірдегі модульдік ауруханада – 104, Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда – 78, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 26, №2 облыстық ауруханада 3 пациент оқшауланған», – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ 18 жүкті әйелден коронавирус инфекциясы анықталып отыр. Қазір 13 жүкті әйел инфекциялық стационарларда оқшауланса, 5-еуі амбулаториялық ем-дом алып жатыр. Қауіпті вирусты жұқтырған балалардың саны – 49.

Инфекциялық стационарларда 5 бала жатыр. Ал 44 бала амбулаториялық емделуге жіберілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда коронавирус жұқтырған 13 науқас жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған болатынбыз.