Аудан әкімі пеш жағып, қара жұмыс істеуге дайын

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар орталық жылу қазандығының игілігін көре алмай отыр.

Себебі құрылысы сегіз жылға созылған нысанды басқара алатын сенімді компания жоқ. Салдарынан Мамлют аудандық әкімдігіндегі мамандар пеш жағып, қара жұмыс істеуге мәжбүр.

Түсіру тобын көрген әкімдік қызметкерлерінің бірі ізін суытты. Ал аталған бөлім басшысының жүргізушісі бір аптаға жуық уақыт қара жұмыс істеп жүргенін жасырмады.

Давид Ишмаев, Мамлют аудандық ТКШ бөлімінің жүргізушісі:

– Мен өз еркіммен келдім мұнда. Таң атқаннан кешке дейін жағамыз. Ал түнде сөндіреміз. Бізге бұл үшін қосымша ақы төлемейді.

2013 жылдан бері жарамсыз тұрған нысанның құрылысы биыл аяқталды. Мердігер Евгений Лебедьконың айтуынша мұнда пеш жағу жұмыстарымен арнайы лицензиясы бар компания айналысуы керек.

Евгений Лебедько, мердігер:

– Менімен жасалған келісім шарттың мерзімі жұма күні аяқталды. Әлі электронды актіге қол қойылмады. Қазір әкімдіктен екі адам келіп жұмыс істеп жүр. Бұл қауіпті өндірістік объект болып саналады. Сондықтан арнайы мамандар керек. Ертең апат болып қалса, бұл екеуі не істей алады?

Қазір орталық қазандыққа аудандық бөлім қызметкерлері жайғасқан ғимарат ғана қосылған.

Галина Александрова, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің есепшісі:

– Ешқандай тариф бекітілген жоқ. Бірақ жылу аздап болсын бар. Бастысы тегін. Егер келісім шарт жасалса ғана ақшасын төлейміз.

Әрине тегін болады. Себебі жергілікті атқамінерлер отын-көмірді өз қалталарынан қаржы шығарып сатып алған.

Владислав Лукин, Мамлют ауданының әкімі:

– Өз ақшамызды жұмсап отырмыз. Себебі сенімді басқаруға алатындар жоқ. Ал пеш жағып жүргендерді ренжітпейміз. Сыйақы береміз. Ертең тағы бір конкурс өтеді. Мердігер анықталса, барлық мәселе шешіледі деп ойлаймын.

Ал табылмаса жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үйдің құрылысы тоқтайды. Сондай-ақ кәсіпкер Евгений Лебедько жұмысымды қабылдамаса, әкімдікті сотқа беремін деп отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов