434,46 493.30 5,91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңы ауқаттылар мекеніне айналды ма?  

  • 96
  • UPD: 11:49, 05.11.2021

Облыс орталығында мемлекет мұқтаждығына алынған жерге коттеджді қалашық салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі жыл бұрын жергілікті әкімдік тұрғындардан ондаған гектар жерді мемлекет меншігіне алған еді. Онда жасыл желекпен көмкерілген саябақ, аллея, театр, мұражай саламыз деп уәде берген. Сол әлеуметтік нысандардың маңына қазір VIP коттедждер де салынып жатыр.

Биік қоршау, бейбақылау камералары мен қарулы күзет. Сырт көзге стратегиялық нысандай көрінгенімен, бұл Түркістандағы коттеджді қалашық. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанындағы жердің әр шаршы метрі 900 мың теңге тұрады. Ал бір зәулім сарай 400 млн теңге шамасында. Ауқаттылар мекеніне айналған аумақ бір кездері қарапайым түркістандықтардан мемлекет мұқтаждығы үшін алынған.

Талғат Жаңбыршиев, қала тұрғыны:

– Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама қарсы тұрғанбыз. Сөйтіп үйіміз сүріліп кетті. Әйтеуір 12 млн бірнәрсе мың берді. 

Кейінгі екі жылда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы жүзден астам үй сүрілді. Мемлекет қажетіне деп алынған аумаққа театр, мұражай, кітапхана мен университет және әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Көпшілік мәдени орындардың жанына не себепті жекежай салынғанын әкімдік өкілдерінен сұрап білдік.

Жандос Тасов, қала әкімінің орынбасары:

– Бұл жер телімдеріне салынған коттедж құрылыстары қазіргі таңда қаладағы бекітілген қала құрылыстық жобалары бас жоспары және егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес келеді. Аталған жерге тек коттедж құрылысы ғана емес, қоғамдық орындар, яғни саябақтар, скверлар салынған. ҚР жер кодексінің 84 бабына сәйкес бұл жер телімдері еркін экономикалық аумақтарды орналастыру үшін де мемлекет мұқтаждыққа алуға негіз болып табылады. Сондықтан да бұл жерлер қазіргі таңда заңға толықтай сәйкес келеді.

Түркістандағы жер үйлердің орнына тұрғызылған тағы бір қалашық шаһардың кіреберісінде орналасқан. Ондағы жердің әр шаршы метрі 200 мың теңге. Салыстырмалы түрде алсақ ол да қымбат. Баға жайында білмек болып құрылыс компаниясына хабарластық. Алайда олар жауап бермеді. Өткен жылғы есеп бойынша Түркістандықтардың орташа жалақысы 138 мың теңге екенін ескерсек, зәулім сарайларға қарапайым тұрғындардың ие болуы екіталай. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы