Түркістан облысында жігіт ағасын өлтірді деген күдікке ілінді

Түркістан облысында жігіт ағасын өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес ауданында учаскелік полиция инспекторына ауыл тұрғыны хабарласып, белгісіз жағдайда жалғызбасты көршісі жоғалып кеткенін жеткізді. Бірден шақыртуға учаскелік полиция инспекторы Берік Айдосов шықты.

Тәртіп сақшысы оқиға орнын мұқият тексеру барысында, үйдің ауласында орналасқан құдыққа апаратын жолдан қанның іздерін байқады. Анықталғандай тереңдігі екі метрлік құдықта ер адам қимылсыз жатқан, оны ауыл тұрғыны танып, көршісі екенін айтқан. Табылған мәйіт бойынша полицей кезекші бөлімнің 102 пультіне хабарлаған.

Бірнеше минут ішінде аудандық бөлімнен жедел-тергеу тобы келді. Криминалистер тексеру кезінде мәйіттен көптеген көгерген тұстары мен гемотомаларды тапты.

Аталған жайт ҚР ҚК 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша Келес АПБ-нің СДТБТ-ға тіркелді.

Жүргізілген жедел іс-шаралар барысында жәбірленушінің туыс інісі күдікке ілінді. Оны полиция қызметкерлері аудан орталығындағы көшелердің бірінен ұстаған.

Белгілі болғандай, жігіт туысының үйіне келген. Екі ер адамның арасында жанжал шығып, нәтижесінде інісі туыс ағасын өлгенше ұрып-соққан. Содан кейін жігіт өзінің ауыр қылмысын жасыру үшін мәйітті үйдің ауласында орналасқан суы тартылған құдыққа лақтырып, қашып кеткен.

Қазіргі таңда күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды.