ШҚО-да «көмір жоқ» деген жалған ақпарат тараған

Шығыс Қазақстан облысында таралған ескі бейнежазба тұрғындарды әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда көмір алуға кезек күткендер туралы ақпарат түсірілген. Жазба авторы қара отынға 120-шы болып тұрғанын айтып, әлеуметтік желіге жариялаған. Дегенмен көмір сататын қойма басшылығы жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Айтуынша видео ескі. Осыдан екі жыл бұрын түсірілген.

Өңір халқының алаңдауына негіз бар. Себебі көбі әлі толықтай қысқа қамданып үлгермеген. Көмір сататын қоймадағы жағдайды бағамдау үшін журналистер арнайы барып, жағдайдың тұрақты екенін көзбен көрді. Тек 10-нан астам көлік кезекте тұр. Ал жүргізушілер болса, жүк тиеу әдеттегіден де тезірек жүріп жатқанын айтады.

– Бүгін ризамыз. Жаңа келдік, кезекке де тұрдық.

– Тұрғындар көліктер текке тұр деп шағым айтты ғой.

– Қандай шағым? Кезекпен келіп, алып жатырмыз. Бәрі дұрыс.

Көмір қоймасындағылар да ұзын-сонар кезек туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қазір мұндағы мамандар екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Күніне 130-ға жуық машинаға жүк артады.

Нұрлан Бәкенов, көмір қоймасының қызметкері:

– Кезек жоқ, көріп тұрсыз ғой. Бәрі тұрақты өз кезегімен көмір тасып жатыр.Қазір сыртта бар-жоғы 12-ақ КамАЗ тұр. Іште 12. Бар-жоғы 24 камаз. Ал енді 120 камаз тұр дегенді көрген жоқпын. 

Игорь Чудиков, серіктестік директорының орынбасары:

– Бұл бейнежазба биылғы емес. Аңғарсаңыз, қазір мұнда қар жоқ. Қойманы айнала камера орнатылған. Оны да қарап шықтық. Ондай кезек болған емес.

Аталған көмір қоймасы тәулігіне 3,5 мың тоннаға дейін көмір сатады. Ал қара отынның бір тоннасы 7800 теңге.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов