Атырау-Астрахань тас жолының құрылысы қайта жанданды

Пандемия кезінде тоқтап қалған Атырау-Астрахань тас жолының құрылысы қайта жанданды. Дегенмен, мердігер материалдың тапшылығынан қиындық көріп отыр. Жол құрылысына қажетті керек-жарақ бір жарым- екі есе қымбаттаған. Әсіресе Ресейден импортталатын өнім бағасы шарықтап кетіпті. 

Құрманғазы ауданының тұрғындары 30 жылдан бері жол азабын көріп келеді. Соңғы кездері жағдай тіпті қиындаған. Жол-көлік оқиғасы да жиілеп кетіпті. Бұған дейін жөндеу көрмеген жолдың қазір 20 шақырымы ғана жаңғыртылды. 

Нәбидолла Керешев, Құрманғазы ауданының тұрғыны:

- Жолдың азабын енді бұрын көрдік қой. Нашар болды өте. Ойқыш-ойқыш, шұңқыр кілең. Осы араларда қыста машиналар батып жатты ғой кезінде. Авариялар да болды. Мынау ашылғалы жақсы болды.

Індеттің ілмегіне мықтап іліккен тұста құрылыс та тұралап қалды. Еңбек күші 25 процентке дейін азайған. Оған қоса қажетті жабдықтардың бағасы күрт аспандап кеткен көрінеді.

Өмір Бюркук, мердігер компания басшысының орынбасары:

- Адам таба алмадық. Адамдар ауырып қалды. Келген адамдарымыз болмады. Сосын машина таба алмадық. Оның үстіне материал қиын болды бізге. Материалдарымыз келеді. Бірақ аз-аздан келеді. Сол жөнінде проблемалар болды.

Жұмыс енді жандана бастаған. Қазір 5 учаскеде 600-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Алайда жобалау жұмыстары кезінде жіберілген қателіктер де жұмыстың жүруіне кері әсерін тигізіген көрінеді. Соның салдарынан республикалық жолдың екінші, төртінші учаскелерінде құрылыс бір кездері тоқтап қалған еді. Енді жобаға түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға қайта жіберіліпті.

Әсет Оразғалиев, «Қазавтожол» ҰК Атырау облысы филиалы директорының орынбасары:

- Бұл құрылыс жұмыстары барысында орын алып отыр. Топырақтың құрамына қатысты. Кейбір жерлерінде гипс анықталды топырақтың құрамынан. Кезінде қабылданған жобалық шешімдерге бүгінгі таңда өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Соған байланысты жобаға түзету енгізіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар аяқталу барысында және мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс жұмыстары қайтадан жанданатын болады. 

Жол құрылысы аяқталса көрші мемлекетпен сауда-саттық байланысы да жандана түспек. Бүгінде 277 шақырым жолдың құрылысы үшін 87 млрд теңге көлемінде қаражат қаралып отыр. Жауаптылардың сөзінше, жол құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Алайда жергілікті тұрғындардың бұған күмәні бар. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин