Тас ұсату карьерлері Шетпеден қашық жерге көшіріліп жатыр

Маңғыстау облысында тас уату карьерлері Шетпеден қашық жерге көшіріліп жатыр. Елді мекенге 12 карьер тым жақын орналасқан. Мұнда жару жұмыстары күн сайын жасалады. Салдарынан жер дірілдеп, ауаға шаң көтеріледі. Құзырлы мекемелердің мәселені шешумен айналысып жүргеніне 2 жылдан асты. Нәтижесінде 4 карьер иесі өз келісімімен өндіріс орнын өзге аумаққа көшірді. Ал экологиялық заң талаптарын бұзғаны үшін 3 кәсіпкердің лицензиясы қайтып алынып, іс сотқа жолданды.

Маңғыстау ауданының орталығында 29 карьер бар. Тәуелсіздік жылдары халық саны өсіп, карьерлерге жақын жер үйлер салынды. Енді жарылыс дүмпуі мен ала шаңнан тұрғындар зардап шегіп отыр.

«Өкілетті органдар келер алдында өндіріс аумағына су сеуіп, шаңын басқандай болады. Кеткен соң жұмыс қайта жалғасады», - дейді ауыл адамдары. 

Нұрлыбек Құлжабаев, ауыл тұрғыны:

- Біздің айқау-шуымызбен таңертеңнен кешке дейінгі уақытта жұмыс жастап тұрған жоқ карьерлер. Түнде бастайды. Таңғы 5-6 дейін бе, жобасын білмейміз. Енді жаруын күнделікті тоқтатпай отыр. Бұрын аз мөлшерде жұмыс жасайтын сияқты еді. Қазір уақытта дүмпуі деген көбейіп келе жатыр күннен күнге.

Таудың тасын уатып, тұрғын үй және жол құрылысына шикізат шығарып отырған кәсіпкерлердің де айтар уәжі бар. Өз еркімен ауылдан қашық жерге өндірісін көшірген олар шығынға батып, жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. 

Әмірбек Төлегенов, жеке кәсіпкер:

- 80 адам жұмыс істеген. 20 шақты адамды қысқарттық. Халықпен ары қарай да бармайық деп, Жаңа орпадан Шетпе-4 қарай көшірдік. 3 карьеріміз қазір сол жақта жұмыс істеп жатыр. Кезінде өндірістік аймақ болып есептелген. Былай айтқанда Шетпе болмағанда бұл карьерлер болған. Контракт бойынша өз міндеттерімізді орындап, экологияға төлейтін тиісті есептерін беріп отырмыз. 

Шетпеге қарасты «Жаңа орпа» елді мекені жанында 7 карьер бар. Соның екеуі жабылды. Қалған 5-уі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Шетпе-1 ауылы іргесіндегі 3 тас уататын өндіріс орны да әзірге ашық. Олардың экологиялық заң талаптарын бұзбауын мониторингтік топтар қадағалайды. 

Асқар Аққұлов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:

- Рейдтер ұйымдастырамыз. Кәсіпкерлік бағыт бұл, сондықтан да өзіміздің заңдылықтарға сәйкес актілерімізді толтырып, шара алу жөнінде облыстық комиссияға ұсынып, ары қарай экологиялық департамент арқылы басқа да құзырлы мекемелер арқылы өз шарасын алуға жұмыстанып отырмыз. 

Руслан Төкенов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- Соңғы 2-3 жылдықта 30 млн жуық айыппұл салынды. Жалпы бұл мәселені шешуді кешенді түрде қарауымыз керек. Талдаманың нәтижесінде шаңның 3 көзден шығатыны анықталды. Карьерде жарылыс жұмыстары жүрген кезде. Екіншіден, тасымалдау кезінде. Яғни автокөліктерден шығатын шаң. Және ірі тау тастарын уату кезінде қондырғылардан шығатын шаңдар.

Мамандар шаңды бәсеңдету үшін әр карьерден елді мекенге дейін қатқыл табанды жол төсеу керек дейді. Сондай-ақ жару алдында жарылғыш заттардың қуаттылығын желдің бағытына қарай дұрыс есептеуді сұрайды. Тас ұсату қондырғысында су бүркетін құрылғының болуы да міндетті. Биыл экология департаментіне тұрғындардан 3 арыз түсті. Екеуін тексеруге негіз жоқ деп прокуратура кері қайтарса, соңғысына қатысты бақылау шаралары енді басталады. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев