Түркістан облысындағы Кентау қаласының бірнеше көшесін су басты

Түркістан облысындағы Кентау қаласының бірнеше көшесін су басты. Инфрақұрылымдық құбырлардың жарылуы салдарынан тұрғындар жылусыз қалған. 

Шырт ұйқыда жатқан Сәкен Сейфуллин көшесінің тұрғындары қатты жарылыс дауысынан шошып оянған. Көздерін тырнап ашып маңайға зер салса құбырдан субұрқақ атқылап тұр екен. Содан дереу коммуналдық мекемелерге хабар берген, бірақ авариялық қызмет өкілдерін ұзақ күтуге тура келіпті. Сол арада жоғары қысымды су аулалар мен жаяу жүргіншілер жолын түгел жауып үлгерген.

Майра Рысдаулетова, Кентау қаласының тұрғыны:

- Міне қабырғамызды құлатып жатыр. Үйде бүрісіп жатысымыз мынау. Кеше операциядан келдім астанадан. Жаурап жатырмыз үсіп, қамыт-қамыт киініп аламыз. Жылу жоқ мүлдем, үнемі осындай.

Құбыр тесіліп, үйлерге жылу берілмегендіктен жалпы жүйе тұтастай қатып қалған. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайтадан жылу берілгенде мұз құрсауындағы құбырлар қысымға шыдамай жарықшақтар пайда болған.

Илхам Икрамов, Кентау қаласының тұрғыны:

- Кеше түстен кейін ЖЭО өшті. Өшкеннен кейін жедел желіге қоңырау шалып, біз суды төгіп тастайық па, мұз қатпайды ма? деп айттық. Сол кезде айтқандары: үндемеңіз, жедел желіден келеді келеді деген. 

Оқиғаның мән-жайын білу үшін жылумен қамту мекемесіне бардық. Ондағылар болған апатты жағдайдың бәрін электр жарығының өшуінен көріп отыр.

Әшірхан Төлеу, Кентау қалалық ЖЭО директорының орынбасары:

- 20-25 минуттай электр энергиясы болмады. Электр энергиясы қалай қосылды біз бірден станцияны қостық. Қалаға жылу беретін насостарды қосамыз. Сол кезде қысым көтеріліп кетіп, біраз жерлер жарылды. Бірақ оларды кешеден бері бәрін істеп қойдық. Қалған жерлер болса тағы істейміз. Қазір қалада жылу беріліп жатыр. Халық неге жылу төмен деп ойласа, температура енді көтеріліп жатыр. Төмен температура болғандықтан көп адамдар суды ағызып жатыр.

Түркістанға тиіп тұрған Кентаудың жалпы жылу жүйесі әбден ескірген. Мамандар қалаішілік жүргізілген құбырлардың басым бөлігі 40 жамау екенін айтады. Бас қуат көзіндегі қондырғы мен бу қазандықтарының да тозығы жеткен. Энергетиктердің пайымдауынша күрделі жөндеудің өзі жағдайды оңалтпайтын көрінеді. Кентауға жаңа жылу электр орталығын салу қажет. Бірақ оған кемінде 10 миллиард теңге керек. Бұл туралы облыс әкімі алдыңғы жылы айтқан болатын, алайда мәселенің шешімі әзірге сөз күйінде қалып отыр. 

Қамбар Бекенов, Рауль Ғабитов, Самат Нағашбекұлы