Алматыда монтаждау компаниялары үйлерді табиғи газға заңсыз қосуын қояр емес

Алматыда монтаждау компаниялары тұрғын үйлерді табиғи газға заңсыз қосуын қояр емес. Мегаполисте ондай 50-ге жуық компания бар.

Мәселе мынада... Тұрғындардың 80 проценті газға қосу туралы өтініштерін әбден күн суытқанда алып келеді. Соның салдарынан кезекте тұрып қалады. Кезекті күткісі келмейтіндер өз бетінше қосып беретін басқа ұйымдармен келіседі. Нәтижесінде газды қолдану барысында өрт шығып, жарылыс болып жатады. Сондықтан «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Алматы өндірістік филиалының қызметкерлері үнемі рейд жасап, заңсыз қосылған үйлерді анықтап отырады.

Тек бір күннің ішінде «ҚазТрансГаз Аймақтың» мамандары бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Соның бірі «Өжет» ықшам ауданындағы жекеменшік балабақша. Балабақша басшылығы Азиз деген әлдібіреуге қомақты ақша төлепті. Оның біліктілігі төмен болып шығады. Біріншіден, газ құрылғысын ғимараттың ішіне қояды. Қауіпсіздік ережесіне байланысты ол ғимараттан алты метр алыста тұруы қажет. Екіншіден, құбырды балабақша қабырғасына тақап жүргізеді. Мұндайда газ шықса адамдар улануы мүмкін.

 

Толқын Баймұханова, балабақша директоры:

- Мен февральда ақша бергенмін. 200 000 теңгемді алып кеткен. Олар бір жігіттерді жібергенда монтаж жасаған. Оказывается монтажын дұрыс жасамаған. Одан кейін жоқ болып кетті. Телефонына звандаймын, алмайды. Ешқандай жауап жоқ.

Күн суытқан соң жекеменшік үйлердің иелері де көгілдір отынға кезектен тыс әрі арзан бағаға қосылғылары келеді. Сондықтан есептеуіш құралдарынан тыс қосып береміз деп уәдені үйіп-төгетін күмәнді компанияларға хабарласады. Көп жағдайда алаяқтарға алданып жатады.

Нұржан Түймебаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры: 

- Газға қосылу жұмыстары заңды жүргізілуі керек. 1030 Заң бұзуға болмайды, себебі газ өте қауіпті. Сол себепті текқана лицензиясы бар, аты бар мекемелерге жүгінуге сұраймыз. 

Газ құбырына немесе пешіне салғырт қараудың соңы көп жағдайда қайғылы оқиғаға алып келеді. Тек былтырғы жылыту маусымында елімізде 100-ден астам адам газдан уланып зардап шексе, 50 адам қаза тапты. 

Ұлан Нарынбек, Ғафу Уәли, Әбен Нарымбаев