Қылмыстық есірткі тобының 11 мүшесі бір мезгілде Қазақстанның екі облысында ұсталды

Қылмыстық есірткі тобының 11 мүшесі бір мезгілде Қазақстанның екі облысында ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісі Қостанай облысында марихуананың көтерме партияларын жеткізумен және өткізумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты жою бойынша ауқымды операция жүргізді.

ҰҚТ-ның 11 мүшесін ұстау екі өңірде – Қостанай және Жамбыл облыстарында жүргізілді.

Қылмыскерлер Жамбыл облысының Шу ауданында кептірілген қарасора мен гашишті көтерме партиялармен сатып алып, оны елдің солтүстік аймақтарына әкеліп сатуды жүзеге асырған. Қылмыстық топтың әр мүшесінің өзіндік міндеттері болған. Олардың бірқатары жеткізушілерді іздестіріп, басқалары сақтау мен сатуды, сондай-ақ есірткі тасымалдауды ұйымдастырып отырған. Топтың ұйымдастырушысы және көшбасшысы – Қостанай облысының 35 жастағы тұрғыны.

Полиция қызметкерлері барлық белгіленген мекенжайлар бойынша бір мезгілде жүргізілген ұстау және тінту барысында көп мөлшерде есірткі заттары, қару-жарақ және ақшаны тәркіледі.

Қылмыскерлердің бірін тінту кезінде жатын бөлмеден синтетикалық 20 грамм аса ірі мөлшерде – мефедрон препараты, «УАЗ-Патриот» автомобилінен 20 грамм гашиш алынды.

Үйдің аумағында қоқыс контейнерінен 30 келі марихуана салынған қап анықталды. Оған жақын жерде, пластикалық бөшкеде 30 келі марихуана салынған тағы бір қап табылды.

ҰҚТ-ның екінші мүшесінен үйді тінту кезінде балконда сақталған марихуана салынған сегіз пакет тәркіленді. Сондай-ақ 20 кг марихуана салынған сөмке, электронды таразылар, өлшеуіш стақандар, төрт ұялы телефон, төлем карталары табылды. Жатын бөлмеден полиция пневматикалық тапаншаны тапты.

Ұсталған адамның автокөлігінің артқы орындығынан және жүксалғышынан 100 кг-нан астам марихуана оралған тағы бес полиэтилен сөмке мен 47 пакет табылды. Тағы бір ұсталған азаматтың ауласындағы шаруашылық құрылысынан 30 килограмм марихуана салынған тағы бір қап тәркіленді.

ҰҚТ-ға қатысушы жалғыз әйелден марихуана салынған бес пакет, электрондық таразы, тіркелмеген «ИЖ-17» аңшылық мылтығы алынды.

Барлығы 200 келіден астам марихуана, 20 грамм мефедрон, 20 грамм гашиш, қылмыстық әрекетте пайдаланылатын алты автомобиль, пневматикалық мылтық пен тапанша, үш аңшылық мылтық, патрон, 24 ұялы телефон, 18 төлем банк картасы және есірткі сатып алуға арналған миллион теңгеге жуық ақша тәркіленді.

Сонымен қатар полицейлік әзірлеме барысында ағымдағы жылдың 21 қазанынан бастап кісі өлтірді деген күдікпен іздестіріліп жүрген Рудный қаласының 36 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ұсталған азамат кінәсін мойындады.

Ұсталғандардың барлығы УҰИ-ға қамалды. ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.