434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ерекше байқау өтті

  • 144
  • UPD: 09:31, 06.11.2021
Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ерекше байқау өтті

Суырып салма ақындар суретшілердің картинасына қарап өлең шығарды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сайыс түрі осындай. Ақсуатта ақындар мен қылқалам шеберлерінің өнерін біріктірген осындай ерекше байқау өтті.

Өскемендік Гүлнәр Бекбердинова байқауға үш картинасын алып келді. Соның бірі «Елеке сазы» деп аталады. Қылқалам шебері өз туындысында «Алтын адам» табылған аймақты айшықтап, тақта отырған батыс түрік қағанын бейнелеген.

Гүлнәр Бекбердинова, байқауға қатысушы:

– Бір жарым айда үш сурет салу. Әмбе ол өзіміздің тарихымызға байланысты. Сондықтан біз енді, шыны керек, уақыт жағынан қысылдық. Бірақ намысымызға тырысып салдық. Бұл суреттер осында қалады екен. Осы мәдениет сарайға келетін көрермендерге әдемі көзқарас қалыптасады. Келешек жасөспірімдер үшін рухани азық деп ойлаймын. 

Ал Мейір Жетпісов майлы бояумен Тарбағатай тауын салыпты. Жас суретші өз туындысы арқылы туған жерінің сұлулығын көрсетуге тырысқан.

Мейір Жетпісов, байқауға қатысушы:

– Тарбағатай өңірінің ерекшелігі – қара тасты, қоңырқай. Таулары, қыраттары ерекше. Сол ерекшелігін көрсеткім келеді. Қарапайым болса да, адырын тасын салдым. Әлгі Қаныш Сәтпаев ағамыз айтпақшы, «туған жердің қара тасын мақтан ете алмаған өзге елдің алтынын мақтап жарытпас». Сол сияқты өз еліміздің қара тасын мақтан еткім келді.

Байқауға ұсынылған 35 суреттің әрқайсысы әртүрлі. Қылқалам шеберлерінің бірі танымал тұлғаларды бейнелесе, келесісі еліміздің киелі жерлерін салған. Туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті оятатын туындыларды ақындар жырға қосты.

Әлібек Қаңтарбаев, ҚР «Жазушылар одағы» ШҚО филиалының директоры:

–Бүгінгі шара «Сөз бен сурет» деген өте бір тың жоба. Қазақтың ежелден құт бен кие дарыған Ақсуат Тарбағатай өңірі. Мынау соның бір айшықты көрінісі. Біз Өскеменде отырсақ та қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Ақсуат, Тарбағатай өңіріне жалтақтайтын боламыз. Неге десеңіз, тың идеялар осы өңірден шығады.

Бәделхан Камалханұлы, байқау ұйымдастырушысы:

– Көп жағдайда суретшілердің еңбегі еленбей жатады. Міне, осы үшін суретші мен ақынды байланыстырып, қазақтың болмысын суретке салдырып, оны ақындарға жырлатып, осындай бір игі бастама болып жатыр. Бұл келер ұрпаққа, оның тәрбиесіне, оның елін, табиғатын сүюіне көп көмектеседі деп ойлаймын.

Қатысушылардың ешқайсысы байқаудан құр алақан қайтқан жоқ. Барлығына құрмет көрсетіліп, тарту таралғылар табыс етілді. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауданда күрес өнерінің майталманы Молдабай Төкеұлының ескерткіші ашылды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы 

Хабар 24 телеарнасы