Талдықорғанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті

Талдықорғанда жыр алыбы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс өтті. «Төгейін жырды халқыма» деп аталған сөз додасына бауырлас қазақ және қырғыз халқының он ақыны қатысты. Бес-бестен екі топқа бөлінген олар ғасыр жасаған тұлғаның өмір жолын дәріптеп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын өлеңмен өрнектеді. Шараны Алматы облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. 

Қазақ-қырғыз ақындарының айтысы алғаш рет өткізіліп отыр. Алатаудың қос қапталын мекен еткен бауырлас елдің ақындары Тәуелсіздік жетістіктерін де тілге тиек етті. Сынға түскен сөз өнерінің саңлақтарына айтыс табиғатын сақтау талабы қойылды.

Мұхаметжан Тазабек, әділ қазылар алқасының мүшесі:

– Айтыстың табиғатындағы ең үлкен нәрсе – суырып, салу, қағысып сөйлеу сөзден ұстау. Екінші нәрсе – тақырыпты ашу. Яғни Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жамбыл атамыздың 175 жылдығына өткізіліп отыр. Үшіншіден – қазылар алқасының талап ететіні жан-жақты сауаттылық.  

Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл  айтысының жалғасындай болған сөз додасында қағытпа қалжың, астарлы әзіл айтылды. Ұтымды ұйқас пен салмақты ойлар да өрнектелді. Жыр сүйер қауымға рухани азық сыйлаған тағылымды шара келесі жылы ұйымастырылмақ.

Мәрлен Қапашев, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Жылына бір рет осындай үлкен додалы айтыс өткізіп тұруды жоспарлап жатырмыз. Алдағы уақытта бұл дәстүр жалғасын табады деген ойдамыз.

Екі елдің мәдени байланысын нығайтқан айтыста қос-қостан жүлде тігілді. Бас бәйгені Жандарбек Бұлғақов пен қырғыз елінің жыршысы Асылбек Маратов жеңіп алды. Өзге ақындарға да қомақты сыйақы табысталды.

Жыр алыбының 175 жылдық мерейтойы аясында енді «Жамбыл» спектаклі сахналанып, «Жамбыл әлемі» атты 30 томдық жинақтың тұсауы кесілмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев