Маңғыстауда шөпшек сүйген ғасыр әже бар

Маңғыстаулық 95 жастағы Балапан Байнешова келіндерін қолөнерге баулып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтын құрсақты батыр ана 11 баладан 46 немере, 94 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Әулетте салт-дәстүрді сақтап, жөн-жоралғыға ерекше мән береді. Ғасыр жасаған кейуана әлі тың. Немере, шөберелерін өзі бағып-қағады. Бүгінде қара шаңыраққа бас қосқан ұрпағымен естеліктерімен бөлісті. Жас кезінде көп қиындық көргенін айтады. Аштық пен қуғын-сүргін, соғыс жылдарын басынан өткерген. 1936 жылы әкесі айдауға ұшырап, бас сауғалау үшін Түрікменстанға жер ауған. Жарты ғасыр сонда тұрып, елге 80-ші жылдары көшіп келген.

Балапан Байнешова, батыр ана:

– Соғыс уақытында істемеген, көрмеген азабымыз жоқ. Томар саттық. Ұрысқа кеткен адамдардың баласын жұбаттық. Жақсылықты да, жамандықты да көрдік. 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол уақытта ештеңе де жоқ. Сөйтіп жүргенде балалы болдық. Еліміз аман болсын, ел болмаса, халық болмайды. Бала-шаға аман болсын. Алла өмір берсін.

Үлкен шаңырақтың ұйықтысына айналған Балапан әже әлі тың жүрісі ширақ. Қолы қалт етсе, ұршығын алып, жіп иіреді. Бұл өнерін келіндеріне де үйретеді. Балапан әже ұзақ жасаудың сыры – тынымсыз еңбек пен игі іс ету деп санайды. Сол ұстанымын ұл-қыздарына сіңірген.

Ақтан Қуатов, ұлы:

– Әкеміз ерте өмірден озды. Анамыз бізді өсіріп, осындай күйге жеткізді. Мінезі қатты, қыздарға қалай екенін білмеймін? Өтірік айтпа, біреудің жібін аттама деп тәрбиеледі бізді.

Жазық Басанова, қызы:

– Орынсыз сөйлеме, орынсыз жүрме, ешкімді балағаттама, жаман сөзді естімеген боп жүре беріңдер дейтін. Ешкімнен артық сөйлеуді, артық жүруді білмейміз. 42 жыл мектепте жасадым. Сол мектепте басшылардан, өзімнен төмен адамнан ешқандай сөгіс алған жоқпын.

Ақжаулықты ананың ұрпақтары бүгінде әр өңірде тұрады. Бірі мұнайшы, бірі мұғалім, бірі дәрігер. Әрқайсы салт – дәстүрдің қаймағын бұзбауға тырысады. Ал ауылдағы үлкен шаңырақта бас қосса, келіндер сәлем салуды, ұлдар табақ тартуды ұмытқан емес.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев