Қысқы аңшылыққа бақылау күшейтілді

Қысқы аңшылыққа бақылау күшейтілді

Павлодар облысында қысқы аңшылық маусымы ашылды.

Биыл жабайы жануарларды аулау тек шаруашылықтар аумағында жүргізіледі. Ал ерекше қорғаудағы аймақтарда, аңға шығуға тыйым салынған. Дегенмен бұл жерлерде де заң-бұзушылықтар болуы мүмкін. Сондықтан сала мамандары Ертіс өзенінің жайылымы мен «Баянауыл» ұлттық табиғи паркінде бақылау шараларын күшейтті. 

Қанат Бағжанов «Бұл орман әкемнен қалған»,– дейді. 20 жылдық тәжірибесі бар азамат үшін орманшы – отбасылық мамандық. Жабайы жануарларды қорғау мен браконьерлікке жол бермеу – орманшының негізгі міндеті.

Қанат Бағжанов, орманшы:

– Бұл жерде еліктер, борсықтар, құндыздар, қояндар, қабандар, қарсақтар, түлкілер сияқты жануарлар көп. Пандемия салдарынан жайылымға келетін адамдар азайғандықтан, аңдардың саны да көбейді. Жайылымда оларда атуға тыйым салынған. Бірақ, қару алатын адамдар болуы әбден мүмкін.

Жайылымда биыл шөп молынан шықты. Әзірге жануарлар үшін қорек мол. Ал қақаған аязда орманшылар тұяқтылар мен құстарға жем-шөп, тұз әзірлейді.

Орманшылардың есебінше, қазіргі уақытта бұл аумақта 50-ден астам сібір елігі тіршілік етеді. Қалың қар түсіп, аязды күндері оларға қорек жетпеу қалуы мүмкін. Сондықтан жануарлар мамандардың ерекше қамқорлығына алынды. Қорекпен қамту үшін осындай арнайы құрылғылар орнатылды. Бұл жерге қыс бойы жем-шөп салынатын болады.

Бүгінде Қанат Бағжанов Ертіс жайылымындағы 11 учаскеге жауапты. Әр аумақ осындай белгілермен ажыратылған.

Сәуле Темірғалина, аңшылықтанушы:

– Қысқы аңшылық қарашаның бірі мен ақпанның 15-іне дейін жалғасады. Қарсақ, түлкі сияқты мамықты жануарларды аулауға рұқсат. Бірақ кез келген жерде емес. Ол үшін арнайы аумақтар белгіленген. Биыл аң аулау ережелерінде өзгеріс жоқ. Аңшылыққа тек рұқсатқағаздары бар азаматтар құқылы.

Биылғы маусымда жабайы жануарларды ұстау мерзімі өзгертілді. Қазіргі уақытта 20 аң түрін аулауға болады. Аң аулау талабы да өзгеше. Бұған дейін аңшылық елді мекеннен кем дегенде бір шақырымдық жерде жүргізілсе, бүгінде қашықтық бес шақырымға ұзартылды. Енді аңшы халықтан алыс жерде жүруі керек.

Жасұлан Жұмашев, облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

– Аңшыларға рұқсатқағаз бір күнге беріледі. Мәселен, жолдама бір елікті ұстауға берілсе, бір жануар аулануы тиіс. Шектеуді сақтамау – жиі кездесетін жағдай. Шектен асып, табиғатқа зиян келтірілсе, 250 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Аңшылық маусымында жабайы жануарлардың 45 мың басы ауланады деген шектеу бар. Бүгінде жолдамалар беріліп, аяқталды.

Айта кетейік, облыста 38 аңшылық шаруашылық бар. Осы қыста оның 29-ы аң аулауға ашық болады. Резервтік қорға жататын бекітілмеген тоғыз нысанда аң аулау жүргізілмейді. Бұл аумақтар ерекше қорғаудағы жерлерге теңестірілген. Дегенмен кей аңшылар бұған да қарамайды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат