«Белградта оңай қарсылас болған жоқ»: Серік Теміржановты жанкүйерлер қошеметпен күтіп алды

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановты елорда әуежайында жанкүйерлер үлкен құрметпен қарсы алды. Әлемнің вице-чемпионы журналистерге сұхбат беріп, дүбірлі доданы қорытындылады, сондай-ақ, өзінің финалда жеңілуіне не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Әлем чемпионатынан алтынмен ораламын деп ойлағанмын. Бұйырғаны күміс болды. Бұл жарыс маған үлкен тәжірибе сыйлады. Десе де, алтын ала алмаған соң, көңілім түскені рас. Өйткені, күміс бәрібір алтын бола алмайды. Әрине, бұл бастамасы. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Күмісті алтынға айналдыру үшін бар күшімізді саламыз. 

Чемпионатқа келер болсам, барлық қарсыласым қарымды болды. Қарсыластарымның арасында осалы жоқ. Азия чемпионы да, жастар арасындағы әлем чемпионы да, Панамерика ойындарының жеңімпазы да бар. Сондықтан, ешкімді бөліп-жарғым келмейді.

Бірақ кубалық спортшымен өткен кездесу есімде ерекше қалды. Өйткені, ол Панамерика ойындарында топ жарған өте тәжірибелі боксшы. Бапкерлеріммен бірге қарсыласты зерттеп, жекпе-жек мәнерін талқыладық. Дұрыс тактикамен ұтып шықтық деп ойлаймын. 

Ал финалда америкалық боксшыға аздап жылдамдығым ілеспей қалды. Өйткені, алты кездесу өткізгенім байқалды. Барымды салдым, бірақ жас әрі жылдам екен. 

Көпшілік Токиодағы Серік пен қазіргі Серіктің айырмашылығын іздеуде. Олимпиадаға қатысты ойын айтып жатқандар көп. Негізі, ұтылған адамға сылтау көп. Әрнәрсені айта беруге болады. Токиода жеңіліп қалғаным рас, оны мойындаймын. 

Менің жүлдем Павлодар боксының тарихындағы алғашқы медаль екен. Бұл бастамасы болсын деп тілеймін. Алда жеңістеріміз көп болсын! Барлығы да еңбекпен келді. Еңбек етеміз», - деді Теміржанов.