loader


Ақмола өңіріне алғашқы көлік қашан жеткізілді

Қараөткелге алғашқы автомобильді әкелген Қосшығұловтар әулеті туралы бүгінгі ұрпақ білуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жолсыз сайын далада жүйткіген алғашқы автомобильдің иесі кім? 20 ғасырдың басында Арқа жерінде өндіріс ашып, немістің алпауыт «Опель», «Зингер» компанияларымен келісім жасаған Қосшығұловтардың тағдыры не болды? Арқа жері, Ақмола өңірі - бір кездері үлкен сауда аймағы болған Қараөткелде алғашқы автомобиль мінген қазақ - Құрманғали Қосшығұлов.

Қазақ арасы ғана емес атағы алысқа кеткен Қосшығұловтар әулеті сол кезде қазіргі елорда аумағында орналасқан ірі сауда үйіне иелік етті. Бұл ішінде 80 дүкені бар керуен сарай еді. Дәулетті отбасы тек сауда жүргізіп қана қойған жоқ. Өндіріс те ашқан. Алғашқы кондитерлік фабрика да осыларға тиесілі. Құрманғалидың әкесі Баймұхамед Қосшығұлов істің ретін білген, көзі ашық, бай-манаптың бірі еді. Азан шақырып қойған есімі Баймұхамед болғанымен, ел арасында Байкоп атымен танымал.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:

– Байкоптың 6 ұлы болды. Үлкен ұлы - Құрманғали, барлығы жоғары білім алған. Құрманғали Мәскеуде қаржы институтын бітіріп, осы фабриканы салуға мұрындық болды. Еуропада, Ресейде көргендерін осы жерде жасап отырды. Байкоптың өзі емес, Құрманғали алғашқы көлікті әкелді. Америкалдық авто деп атайды.

Құрманғали Ресейде оқып жүргенде көлік жарысына қатысып, сол бәйгеде бірінші болып келеді. Сөйтіп жүлдесіне автомобиль алған. Сол сыйға алған автомобильді Қараөткелге, қазіргі елорда жеріне алып келді. Бұл 1914 жыл.

Ал Қосшығұловтардың кондитерлік фабрикасы 1975 жылға дейін тұрған. Іргесі берік ғимараттты содан кейін ғана бұзған. Бұл отбасы қазақ арасына алғашқы автомобильді алып келуші ғана емес, көлік өндірісін ашпақ болған әулет ретінде де тарихта қалды.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:

– Бұлар автомобиль зауытын Германиямен бірігіп, осы жерге салғысы келді. 13 жылдары келссөздер басталған екен. Соғыс басталып кектті ғой, сосын сол қалып қойды. Бұлар сол зауыт салуға әрекет жасаған екен.

Алаш қозғалысына қолдау жасаған Қосшығұловтар әулеті осы өлкеде алғашқы мұсылман мектебін де ашқан. Өзге де өндіріс, ғимарат, орындары болуы әбден мүмкін. Тек бірінші дүниежүзілік соғыс басталар тұста көп жоспар аяқталмай қалды. Оның соңын ала кеңес өкіметінің сойылы да оңдырмады. Қосшығұловтардың бар байлығын большевиктер иемденіп кетті. 

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:

– Алты ұлдан тараған қазір бірде бір еркек кіндік ұрпақ жоқ. Барлығы репрессиядан кетті. Құрманғалидің өзі 50 жылдары қайыршылықпен өлді. Алғашқыда станоктарын Жаңарқаға дейін апарып, тыққан екен. Ойлаған ғой, мынау дауыл секілді, өтеді те кетеді деп. Бірақ болмады. Тартып алды.

Сөйтіп заманында қазақ экономикасының ұйытқысы болған әулеттен ұрпақ қалмады. Баймұхамедтің өзі мен 6 ұлы іскерлігі ғана емес, қазақ арасында меценаттығымен де аты шыққан дегдар, зиялы жандар еді. «Кеңестік идеологияның құрбанына айналған отбасының ісін, азамат ердің есімін енді ұлықтау керек», - дейді тарихшы. Себебі Қараөткел ғана емес, тұтас елдің өсіп-өркендеуінде Қосшығұловтардың атқарған еңбегі зор.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Арман Әменов, Жандос Битабаров

 

 

 

Сондай-ақ...