Маңғыстауда жүк көліктері ауыл ішіндегі жолдарды бүлдіріп жатыр

Ауылдың жолын жүк көліктері шыдатпай барады. Шетпе тұрғындары осыған наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, ауыл іргесіндегі карьерден шығатын көліктер тасты 2-3 есе артығымен тиеп алады. Одан әрі орталық көшелермен жүреді.Сөйтіп екі жыл бұрын төселген асфальттың сау-тамтығын қалдырмаған. Шетпеге кіреберіс орталық жолдың қазіргі күйі осындай. Кей жерлері 6-8 сантиметрге дейін ойылып кеткен. Жаңбыр жауса, шұңқырларға су толады. Ауыр жүк көліктері жүріп жатқасын, күн санап тереңдеп барады. Тұрғындар сан рет арызданған соң жуырда жол жиегіне ескерту тақтайша қойылыпты. Бірақ нәтиже жоқ.

Нұрлыбек Құлжабаев, ауыл тұрғыны:

– Шетпенің ішіндегі жолдың барлығын ауыр жүк көліктері тас-талқанын шығарды. Ендігі жолымызды аман сақтап қалу үшін осы белгіні қойдық. Енді осы жердегі полиция қадағалап, жақсы нәтижесін көрсетсе. Халық болып соны талап етеміз.

Бердімұрат Төрекенов, ауыл тұрғыны:

– Жолды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Қытайдан шығатын ауыр жүк көліктері бар. Рұқсат берген сайын олар асырып тиейді. Километріне мынанша ақша аламыз деп ойлайды.

Асфальт жабындысы ұшып, жер көрініп жатқан жерлерді ұлттық жол сапа орталығының мамандары барып көрді. №3 мектеп алдындағы жолдың да жағдайын тексерді. «Бақылау нәтижесін қызметтік хат түрінде құзырлы органдарға жолдаймыз» - деп отыр.

Мерей Әлиев, Ұлттық жол сапа орталығының сарапшысы:

– Тексеріс барысында мәлім болғандай, ауыр жүк көліктері ауылдың ішіне кіріп, көше жолдарын жолды ойып-ойып тастаған.

Бекбол Абаев, Маңғыстау ауданы ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Хабардармыз. Орталық көшелерге 2019 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұрын 6 метрлік жол еді. 8 метр етіп кеңейтіп, екі жағына бордюр салынды.Осы жылдың ішінде мердігер мекеменің кепілдік мерзіміне сай жол қалпына келтіріліп беріледі.

Биыл Ащыбұлақ шағын ауданындағы 18 шақырымдық жолды жөндеуге құны 832 млн теңгелік жоба дайындалған. Республикалық бюджеттен әзірге қаржының үштен бірі бөлінді. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ Базарлы ықшам ауданында ұзындығы 7,5 километр трассаны 2022 жылы қалпына келтіру күн тәртібінде тұр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев