Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар сотталды

Қызылордада заңсыз ойын бизнесінің екі ұйымдастырушысына сот үкімі шықты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті интернет-казиноны ұйымдастырудың екі дерегінің жолын кесті.

ҚР ҚМА Баспасөз қызметінің мәліметіне, Қызылорда қаласының тұрғындары Д.Болат пен Қ.Аяхметов үй-жайды жалға алып, оған «Fruit Loto», «Lucky Lady Charm», «Crazy Monkey», «Lucky Haunter» интернет-казино бағдарламалары бар компьютерлер орнатқан.

«Нәтижесінде ойыншылар компьютерлер арқылы бәс тігу мен ұтыстарды алуды іске асырғаны анықталды.

Қ.Аяхметовке 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды, Д.Болат 1 жылға бас бостандығы шектеу жазасына тартылды», – делінген мәліметте.

Ал алынған заттай дәлелдемелер мемлекет кірісіне айналдырылған.