Газ баллон пайдаланатын тамақтану орындарында қауіпсіздік сақтала ма?

Еліміздегі қоғамдық тамақтану орындарының 12 проценті газ баллонын пайдаланады. Кәсіпкерлер «одан түбегейлі бас тартуға әлі ерте» дейді. Оның бірқатар себебі бар. Жалпы қоғамдық тамақтану орындарында қауіпсіздік қаншалықты сақталады?

Карантин еліміздегі қоғамдық тамақтану орындарын әжептәуір азайтты. Тығырыққа тірелген 35 мыңы жабылып тынған. Бірақ халық дәмхана-мейрамхана қызметінен бас тартқан жоқ. Сұраныс барда мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Мұндайда қауіпсіздік те ескерілмей жатады екен. 

Думан Жайлыбеков, қалалық әкімдіктің газ инспекциясы және көтергіш құрылымдарды бақылау бөлімінің бас маманы:

- Нарықта ең бастысы баға ғой. Біздің кәсіпкерлер арзан бағаға жүгіріп, әр кісіден газ баллондарды ала береді. Жанармай құю бекеттеріне барып, газ баллондарына заправка жасай береді. Қауіпсіздігіне қарамай, арзанға жүгіреді. 

Бәрі қымбаттап жатқанда арзанға жүгіруі түсінікті ғой дерсіз. Бірақ қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова кәсіпкерлерді кінәлай берудің жөнсіз екенін айтады.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Тамақтану орыны иелерін кінәлай беруге болмайды. Олар сол жабдықтарды орнатумен айналысатын компанияны жалдайды. Өрт қауіпсіздігін қамту енді солардың міндеті. Олар айына бір рет келіп, барлық жабдықты тексеріп отыруы қажет. Әттеген-айы, біздің нарықта жауапкершілігі мол, білікті мамандарды табу қиын. Олар өте аз.

Думан Жайлыбеков, қалалық әкімдіктің газ инспекциясы және көтергіш құрылымдарды бақылау бөлімінің бас маманы:

- Сенімді компаниялар бар. Оларды интернеттің ішінен тауып алуға болады. Оларда өзінің базасы болуы керек. Оны тексеретін стендтер болуы керек. Оның бәрі жауапкершілікпен атқаратын кісілер барып, қарап, келісім-шартқа отыруы керек. Газ плиталарын, баллондарын тексертуге мамандарды шақыру керек.

Еліміздегі тамақтану орындарында кеңестік үлгідегі және заманауи газ баллондары қолданылады. Өкінішке орай, оның тілін түсінетіндер аз. Дегенмен, бұл жазатайым жағдайларға сылтау болмауы тиіс.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Біз дәл қазір Шұбар ауданына табан тіредік. Тура бір жыл бұрын дәл осы жерде орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ баллоны жарылған болатын. Қазір жағдай реттелген сияқты. Бірақ қайғылы жағдай 1 адамның өмірін қиды. Жойқын жарылыстан 35 адамның денсаулығына зиян келді.

Елордадағы газ инспекциясы өзге де құрылымдармен бірге тамақтану орындарына барып, тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кәсіпкерлер де қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүдделі.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:

- Біз газ баллондарын аз қолдануға тырысамыз. Барынша индукциялық пештерге көшіп жатырмыз. Бірақ тек қатты отта ғана пісірілетін тағам түрлері бар. Оларға тапсырыс түссе, амалсыз қолдануға тура келеді. Өйткені халықтың қалауы бар. Кәуап, түрлі ет тағамдарын қалайтын адамдар үшін газ қолданып жатырмыз. Дегенмен, заман өзгеріп жатыр. Уақыт өткен сайын әлемде қауіпсіз пештер пайда болып жатыр. Бірақ арзан емес. Біз де шамамыз келгенше сатып алып жатырмыз. 

Жыл басынан бері Петропавл, Қостанай, Ақтауда ірі апаттар тіркелді. Қазір еліміздегі 60 мыңнан аса қоғамдық тамақтану орнының 12 проценті газ баллонын пайдаланады. Демек, арқаны кеңге салуға болмайды. Қауіпсіздік бірінші орынға шығу керек.

Мерей Мұратханқызы, Артур Горшняков