Түркияда «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылды

Түркияда «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылып, «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қос шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасайтын жұмыс сапары алдында ұйымдастырылды.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түрік халқымен түбіміз бір, тарихымыз тереңнен тамыр тартады. Бүгін бауырлық бірлікті паш ететін кезекті іс-шара Анкара төрінде шымылдығын түрді. Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан мен Түркияның саяси және қоғам қайраткерлерінің басын қосқан халықаралық конференция өтті. 

Айтулы іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігімен бірлесе  ұйымдастырылды.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

- Қос шараның Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркияда өтуі кездейсоқ емес. Себебі Түркия – тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындаған, бізді әрдайым қолдап келе жатқан бауырлас халық. Іс-шаралар барысында қазіргі түркі әлемінің абызы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі де кеңінен баяндалған. Өйткені еліміздің жетістіктері ғана емес, түркі халықтарының интеграциясындағы толағай табыстар да оның есімімен тікелей байланысты. 

Конференцияда түркі интеграциясының басты халықаралық ұйымдары, Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТҮРКСОЙ мен ТүркПА өкілдері баяндама жасап, Нұрсұлтан Назарбаевтың түркітілдес мемлекеттер арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен ақпараттық кеңістік құру, сондай-ақ ортақ тарихи сананы қалыптастыру идеяларының қазіргі жағдайы айтылды. Конференция соңында Елбасы кітапханасы мен Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхана арасында меморандумдарға қол қойылды.

Іс-шара аясында «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылды.  Көрме үш бөлімнен құралған. «Ұлы дала елі: кешегі мен бүгінгінің арасы» бөлімінде музей жәдігерлері мен архив құжаттары, Қазақстанның тарихы мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бағдарламалық тезистері таныстырылады. Ал «Қазақстан жолы» бөлімі азаттық алғаннан кейінгі Қазақстанның мемлекеттік даму стратегияларын, қазіргі тұрақты қалыптасуын сипаттайды. «Түркі бірлігі» бөлімінде Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейі көрсетілген.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анкарадағы көрменің төріне қойылған ерекше жәдігерлердің қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімінде жайылған ақ киіз және Елбасының 1999 жылы ұлықтау рәсімінде киген костюмі мен төсбелгісі ұсынылып отыр. 

Айхан Туғлу, Түркия Президенті әкімшілігі жанындағы ұлттық кітапхана директоры:

- Қазақстан дегенде ойымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түседі. Сондықтан Ұлттық кітапхана шаңырағында осындай көрменің өтіп отырғанына қуаныштымыз. Бұл жер Түркияның ең үлкен кітапханасы.

Көрмеде Тұңғыш президенттің 400-ден астам заты қойылған. Олардың ішінде түрлі киім, әскери және ат әбзелдері топтамасы, азаттық үшін күрестің түрлі кезеңдеріндегі Қазақстан тарихы бойынша жәдігерлер ұсынылған. 

Меруерт Қанағат