Өскемендіктердің жанайқайы: Автобусты сағаттап күтеміз  

Өскеменде күн суытқалы қоғамдық көліктер азайып кетті. Күздің қара суығында сағаттап автобус күткен жолаушылар осыған өкпелі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ине шаншар жер болмайтын автобустарды жергілікті блогерлер де мысқылдай бастады. Шшыдамыңыз жетсе, қоғамдық көлікті сағаттап күтіп көріңіз, оған шыдасаңыз ішіне мініп көріңіз.

Екатерина Псищева, қала тұрғыны:

– Мен Жібек маталар комбинаты ауданында тұрамын, міне қазір тапа-тал түс. Бірақ бірде-бір автобус жоқ. Ал кешке қарай тіпті қиын. Сондықтан кешкі уақытқа қалмауға тырысамын.

Эльвира Айшинкулова 7 сыныпта оқитын ұлын ертіп, Ахмер кентінен қаладағы мектепке келеді. Уақытымның көбі аялдамаға кетеді дейді ол. Кейде тіпті такси тоқтатып, амалдауға тура келеді екен.

Эльвира Айшинкулова, қала тұрғыны:

– Жағдай шынымен де қиын. Әсіресе балалар мен қарттарға обал. Мынадай суықта жаурап, көлік күтіп тұрады. Қазір менің автобус күтіп тұрғаныма жарты сағаттан асты.

Шаһарға 7 тасымалдау компаниясы қызмет көрсетеді. Олардың көпшілігінде автобус саны аз. Алғашқы аязда осы компаниялардың біріндегі 80 көлікің 35-і жарамсыз боп, жұмысқа шықпады. Өзге тасымалдаушылар да халықты тасып жарытпады. Барлығы да қысқа дайын болмағанға ұқсайды.

Виктор Рымарев, тасымалдаушы компания директорының орынбасары:

– Бізде көбінесе тежегіш жүйесі істен шыға бастады. Температураның күрт өзгеруіне шыдай алмады. Сондықтан көліктер шетінен сынып, жұмысқа шыға алмады. Жанар май да сапасыз болып шықты.

Шығыстың қысын жаңа ғана білгендей, жолаушы тасымалдаушылар енді қамдана бастапты. Тежегіш жүйесіне спирт құйып, қысқы жанармайға көшкен. Дегенмен кадр мәселесі әлі де өзекті боп тұр. Мәселен, ірі компаниялардың бірінде тек бір күнде 9 автобус жүрмей тұр. Өйткені кондуктор жоқ. Қала басшылығы бұл компаниялардың өз проблемасы, оны өздері шешу керек дейді. Ал әкімдік тарапынан қажетті қолдаудың барлығы көрсетіліп жатыр екен.

Абзал Мәулетханов, қалалық түкш бөлімі басшысының орынбасары:

– Субсидия бөлінді, 70-тен асқан адамды тасыған ақшасын, жеңілдігін, айырмашылығын қайтарып отырмыз. Балалардың, көпбалалы аналардың автобуста тегін жүруіне жол жүру билетін береміз, оның да ақшасын қайтарып береміз.

Көмек қаржының көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Оны тасымалдаушылар қазан айынан бері ала бастаған. Сондықан кадр тапшылығын жойып, жұмысшыларының еңбекақысын көтеріп, паркті жаңарту керек. Дегенмен әзірге жолаушылар мұндай қолайлы жағдайдың бірін де байқамай келеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов